К 30-летию Независимости Казахстана | 22 маусым 08:56

Несие төлей алмағанда не істеу керек?

«Егемен Қазақстан» басылымы түсіндірме әзірледі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтыр мамыр айында бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толық­тырулар енгізген еді. Соның ішінде кредиттік ұйымдардың қарыз алушы-жеке тұлғалар­дың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режімі де бар. Енді мерзімі өт­кен берешегі бар қарыз алушы жеке тұлғалар өз кредиттерін немесе микрокредиттерін қай­та құрылымдау мәселелерін құқықтық өріс шеңберінде азаматтардың өтініштерін қарауға міндеттелген кредиторлармен тікелей шеше алады.

Қаржылық қызметтерді тұ­тыну­­­шы­лардың құқықтарын қор­ғау депар­таментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, бұл бірыңғай құқықтық режім қарыз алушыда қиындықтар туын­дауының алғашқы кезеңдерінде берешекті реттеуге ықпал етеді, ол әрі қарай борыштық жүк­темені азайтуға және оның қар­жы­лық жағдайының нашарлауын бол­дырмауға мүмкіндік береді.

«Бірыңғай құқықтық режім қол­даныла бастағаннан бері 25 979 қа­рыз алушы өз қарыздары бойынша талаптарды жақсарту жағына қарай өзгертті. Мәселен, 23 788 шарт бо­йынша негізгі борыш немесе сыйақы бойынша төлем­ді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді, 16 413 шарт бойын­ша – қарыз мерзімі өзгертілді. Бұ­дан басқа, 861 қарыз бойынша  сый­ақы мөлшерлемесі төмендетілді, ішкі қайта қаржыландыру ұсынылды немесе өтеу әдісі өзгертілді. Егер сіз­­дің кредит бойынша мерзімі өткен берешегіңіз болса, мерзімі өт­кен күннен бастап 30 күн ішінде кре­дитті қайта құрылымдау үшін бірін­ші кезекте кредиторға (банкке не­месе МҚҚЖҰ-ға) жазбаша өтініш­пен немесе шартта көрсетіл­ген басқа тәсілмен жүгінуіңіз керек», – дейді Александр Терентьев.

Қарыз алушы өзінің өтінішінде міндеттемелерді орындамауының себебін көрсетуі қажет. Кредитті төлеу кезінде туындаған қиын­дық­тарды растайтын құжаттардың болуы маңызды. Сонымен қатар тұтынушылар да міндеттемелерді орындау бойынша өз нұсқаларын ұсына алады. Ол нұсқалар: сыйақы мөл­шерлемесін төмендету; төлем­ді кейінге қалдыру; шарттың қол­данылу мерзімін, өтеу әдісін өзгерту; өзінің қаржылық жағ­дайын ескере отырып, жаңа төлем кестесін құру немесе кепіл мүлкін өз бетінше сату болуы мүмкін.

Кредитор қарыз алушының өтіні­шін қабылдауға, тіркеуге, қарауға және күн­тізбелік 15 күн ішінде жа­уап беруге тиіс. Ол қарыз алушы ұсын­ған шарт талаптарына өзге­ріс­терді қабыл­дай отырып келі­суі, шарт талап­тарын өзгерту жөнін­де өз ұсыныс­тарын беруі немесе себеп­тер­дің дәлел­ді не­гіз­демесін көрсете отырып, бас тартуы мүмкін.

«Егер қаржылық қызметтерді тұтынушы кредитормен келісімге келе алмаса, онда ол Агенттікке жү­гінуге құқылы. Бұл ретте өзінің кре­дит­тік ұйымға жүгінгенін және өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеге­нін растауды міндетті түрде ұсыну қажет», – деп кеңес береді Александр Терентьев.

Агенттікке өтінішті жеке өзі немесе тиісті сенімхаты бар рес­ми өкіл арқылы беру керек. Өті­нішті жазбаша түрде немесе e-otinish ресми өтініш беру сервисі арқылы беруге болады. Әлеуметтік желілер, электронды пош­та және Агенттіктің мессенджерлері өті­ніштерді қабылдаудың ресми арналары болып саналмайды.

Өтініш берген кезде міндетті түрде ЖСН-ді, өтініштің мәнін көрсету, сондай-ақ ілеспе және растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Осы ақпарат қамтылмаған өтініштер, сондай-ақ өтініш берушіні идентификаттау мүмкін болмайтын өтініштер қаралмайды.

«Ай сайынғы деректерді талдау, проблемалық берешек мәселелері бо­йынша қаржы реттеушісіне азаматтардан келіп түсетін өтініштер саны­ның осы жылдың басымен салыстыр­ған­да 26,7 пайызға азайғанын көрсет­ті. Бұл қарыз алушылардың процес­ті тікелей қаржы ұйымымен реттей алатындығын білдіреді. Қаржы ұйымдарының өздері баланста бейінді емес активтер көлемін ұлғайту орынсыз екенін түсінеді, сондықтан заң шеңберінде берешекті реттеуге оң көзқараспен қарайды», – деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.

Жағдайдан оң нәтижемен шығуға қарыз алушы ғана емес, сондай-ақ кредитор да мүдделі. Қарыз­ды қайта құрылымдау сияқ­ты мәселені реттеу бойынша шаралар неғұрлым ерте қабылданса, соғұрлым екі тарапқа да қолайлы нұсқа табылады.

«Кредиттер мен микро­қарыз­дарды ресімдеу мәселелеріне қатысты терең ойланып, ақылға қонымды шешім қабыл­дауы қажет. Қарыз алушы кредит – бұл жауапкершілік екенін және кез келген кредитті қайтару керек­тігін нақты түсінуі керек. Кредит­тік ұйым­ға хабарласпас бұрын, алдымен қаржылық мүмкіндіктеріңізді баға­лауды естен шығармаңыз. Сондай-ақ борыш жүктемесі коэффициенті туралы еске саламыз. Қарыз алушының ай сайынғы төлемі оның ресми кірісінің жартысынан аспауға тиіс», – деді ол.

Кредит рәсімдемей, жалпы кредит алу туралы шешім қабыл­дамай тұрып, шартты толығы­мен оқып шығу, қарыз беру мер­зіміне мән беру, сыйақы мөлшер­леме­сін білу, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін сұрау, ай сайын­ғы төлем мөлшерін білу және өтеу әдісінен хабардар болу, шарт бо­йынша міндеттеме орындалмай қалған жағдайда қандай тәуекелдер туындайтынын және қарыз алу­шыға қандай жауапкершілік жүктелеріне назар аудару қажет.

Автор: Абай Қазбекұлы