К 30-летию Независимости Казахстана | 31 августа 15:56

Нұрлан Жақыпов Өскемен-1 жаңартылған вокзалының ашылуына қатысты

«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов жаңартылған Өскемен-1 станциясындағы теміржол вокзалының ашылуына қатысты. Ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен, «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығымен және теміржол саласының ардагерлерімен бірге нысанды аралап көрді.

 

Вокзал 1938 жылы салынған. Жаңарту жұмыстары барысында ескі ғимарат толықтай бұзылып, оның орнына жаңа ғимарат салынды. Вокзалдың аумағы 858 шаршы метрден 1,8 мың шаршы метрге дейін екі еседен астам ұлғайтылды. Мұнда инженерлік коммуникациялар жаңартылып, перрон жаңғыртылды және іргелес аумақ абаттандырылды. Сондай-ақ, заманауи бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды.

«Вокзалдың қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне ерекше ден қойылды. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін жеделсаты, эскалатор, көтергіш платформалар және тактильді навигация қарастырылған», — деді Нұрлан Жақыпов.

 

Жобаны Үкімет, «Самұрық-Қазына» АҚ, Көлік министрлігі және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан темір жолы» АҚ теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы аясында іске асырды. 2026 жылы ел бойынша 124 вокзалдың 121-ін жаңғыртуды аяқтау жоспарланған.