SANY RE-мен бірге Жамбыл облысында жел қондырғыларына арналған құрамдастарды (гондолалар, күпшектер, мұнаралар және басқа да негізгі элементтер) шығаратын зауытты 2026 жылдың басында іске қосу жоспарланған. Жоба аясында 490 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Аталған зауыт Қазақстандағы жел электр станциялары жобаларының қажеттіліктерін қамтамасыз етуі тиіс.
«Соңғы екі жылда «Самұрық-Қазына» мен SANY Group арасында ортақ мақсаттарға негізделген сенімді әрі кәсіби қарым-қатынас қалыптасты», – деді Нұрлан Жақыпов SANY Group-тың аға вице-президенті және SANY RE бас директоры Ли Цянмен кездесуде.
Бұған дейін Бейжіңде Қор басшысы Нұрлан Жақыпов SANY Renewable Energy директорлар кеңесінің төрағасы Чжоу Фугуймен кездескен. Тараптар атқарылып жатқан жобаның ағымдағы жайын талқылады.
SANY Renewable Energy (SANY Group-тың еншілес компаниясы) – жел генераторларын шығаратын әлемдегі ірі ұйымдардың бірі. SANY Group – 20-дан астам зерттеу және әзірлеме орталықтары бар, Қытайдағы жоғары технологиялық жабдықтарды өндіретін жетекші кәсіпорын. Әлемдегі арнайы техника шығаратын ұйымдар арасында бесінші орын алады.