«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов Samsung E&A компаниясының Президенті әрі бас директоры Хонг Намкунгпен кездесті. Тараптар ынтымақтастық перспективаларын және Қазақстандағы ірі индустриялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. ️
Нұрлан Жақыпов Samsung E&A компаниясының күрделі өнеркәсіптік жобаларды іске асырудағы жоғары сараптамалық деңгейін атап өтіп, «Самұрық-Қазынаның» Қазақстанда жұмыс істейтін кореялық компанияларды, оның ішінде бірлесіп инвестициялау және әріптестік тетіктері арқылы қолдауға дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ, тараптар Қазақстан Президентінің Кореяға сапары және «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммиті аясында 15 қыркүйекте Сеулде өтетін Қазақстан-Корея іскерлік кеңесінің 14-отырысын талқылады. «Самұрық-Қазына» Қазақстан-Корея іскерлік кеңесінің тең төрағасы қызметін атқарады.
Samsung E&A (бұған дейін – Samsung Engineering) – Оңтүстік Кореяның Samsung Group құрамына кіретін жетекші инжинирингтік және жобалау-құрылыс компанияларының бірі. Компанияның мұнай өңдеу, мұнай-химия және энергетика салаларындағы ірі жобаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар.