К 30-летию Независимости Казахстана | 19 мамыр 15:11

Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүрген «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жиналыс барысында ҚБМ Басқармасы заң департаментінің директоры Алия Кощиеваға, өндірістік бөлімінің басшысы Руслан Ақмұхановқа және сала ардагері Жексенғали Сәрсенбайға аймақ басшысы атынан көп жылдық жемісті еңбегі үшін марапат табыс етті.

Алия Кощиева 15 жылдан бері компанияның заңнамалық жүйесін қамтамасыз етуге, ұжымның құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Ал сала ардагері Жексенғали Сәрсенбай ұзақ жылдар бойы кен орнындағы электр цехын басқарды. Ардагерлердің адал еңбегін жас мамандар абыроймен жалғастырып келеді. Солардың бірі – еңбек жолын бұрғылаушы көмекшісі болып бастаған Руслан Ақмұханов. Қазір ол жинаған білімі мен тәжірибесі арқасында ҚБМ өндірістік қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жұмысын жалғастыруда.

«Өлкеміздің гүлденуі мен дамуы үшін жұмыс істеу - әрқайсымыздың парызымыз. Мұнайшылардың еңбегін жоғары бағалайтын өңір басшысына алғысымызды білдіреміз. Алда бізді жауапты міндеттер, үлкен жоспарлар, жаңа жеңістер мен жетістіктер күтіп тұр», – деді мұнайшылар.