Оқу-жаттығу сценариі бойынша жұмыс барысында Жетібай кенорнындағы № 77 пайдалану ұңғымасының арматурасы зақымдалып, ұңғыма ашық атқылау режиміне өтіп, өрт қаупі туды. МГӨ операторы болған жағдай туралы шеберге, орталық инженерлік-техникалық қызметке хабарлап, зақымдануды жою үшін шаралар қабылдайды.
Одан әрі оқиға орнына өрт салдарын жою, ұңғыма аузының жай-күйін бағалау, аумақтың газдануын өлшеу, апаттық жерді қоршау және мақсаттар үшін арнайы қызметтер мен техника мамандары жіберіледі, алайда тас жыныстың металл бетімен жанасуы нәтижесінде және пайда болған ұшқынның салдарынан бұрқақ өртене бастады.
Өртті жедел түрде жою үшін қосымша күштер тартылып, қуатты арнайы техника мен мамандар келді.
Оқу-жаттығу барысында Маңғыстау облысының ТЖД, «Семсер Өрт сөндіруші» ЖШС МЕӨҚҚ, «Ақберен» КӘАҚҚ РОШ ЖШС, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Тасболатойлкорпорэйшн» ЖШС және тағы басқа басшылары мен мамандарының бірлескен күш-жігерінің арқасында қызыл жалын ауыздықталып, осыдан соң ұңғыманың сағасын герметизациялау бойынша шаралар қабылданады.
Оқу-жаттығу барысын ҚР ТЖМ вице-министрі, полковник Марат Күлдіков жеке бақылаған, сондай-ақ бақылаушылар ретінде Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарының ТЖД өкілдері қатысты.
«Аталған оқу-жаттығудың негізгі міндеті – ТЖД жеке құрамының ғана емес, басқа да қызметтер мен кәсіпорындар қызметкерлерінің дайындығын тексеру, – деді Маңғыстау облысы ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров. – Сондай-ақ, мұндай кешенді оқу-жаттығулар алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл шараға 146 адам қатысып, 48 бірлік арнайы техника жұмылдырылғанын атап өткеніміз жөн. Жалпы алғанда, алға қойған міндеттер орындалды, бірақ толық бағасын министрлік кейінірек, жан-жақты талдаудан кейін береді».