Олжас Бектенов көлік инфрақұрылымын қолдау және дамыту ауқымды инвестиция тартуды талап ететінін атап өтті. Осындай шаралардың бірі – «Қазақстан темір жолы» көрсететін қызметтердің тарифтерін қайта қарау. Соған орай, «Самұрық-Қазына» қоры Көлік министрлігімен бірге жүктерді теміржол көлігімен тасымалдаудың жаңа тарифтік саясатын әзірлеуі қажет.
Облысаралық және ауданаралық бағыттардағы жолдарды орташа жөндеумен барынша қамтуға қатысты Көлік министрлігіне нақты жобаларды, көрсеткіштерді және қаржыландыру көздерін айқындап, 1 желтоқсанға дейін нақты жоспар әзірлеу тапсырылды. Бұл ретте қаражаттың нысаналы жұмсалуын барлық бақылау және жұмыстардың мониторингі бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүргізілуге тиіс.
Бұдан басқа, Көлік министрлігіне Өнеркәсіп министрлігі және Бәйтерек холдингімен бірге шағын әуе кемелерін сатып алу механизмдерін пысықтау тапсырылды.