К 30-летию Независимости Казахстана | 10 ноября 10:00

Өмірін пошта саласымен байланыстырған үлгілі отбасы

Түркістан облысындағы Керімбаевтар әулетін көпшілік пошта қызметкерлерінің отбасы ретінде таниды. Себебі, әулет ақсақалы Мұрат Керімбаевтан бастап, оның немересі Ерболға дейін өз өмірін дәл осы саламен байланыстырған. Ұлы Отан соғысы жылдары байланысшы болып қызмет еткен Мұрат Керімбаев соғыс аяқталған соң Төле би ауданы, Достық пошта байланысы бөлімшесінің операторынан бастап, осы бөлімшенің басшысы қызметіне дейін көтерілген. Әкеден сегіз ұрпақ тараса, солардың ішінде қызы Разия Мұратқызы да – әке жолы қуып, осы салада еңбек етуді жөн көріпті.

Әке көрген оқ жонар

Разия Мұратқызы «Қазпошта» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалындағы еңбек жолын сонау 1990 жылы пошта байланысы операторы ретінде бастаған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңіне қарамастан, поштадағы жұмыс тоқтаған емес, деп сол дәуірді еске алады біздің кейіпкер.

«Кеңес одағы құлап, Қазақстан өз Тәуелсіздігін енді алып жатқан кез. Бөлімшелерде компьютер жоқ, пошта әлі автоматтандырылмаған уақыт болатын. Соған қарамастан, жұмысқа құлшына келіп, білек сыбана кірісіп кететінбіз. Ол кезде «Омега» деп аталатын есеп аппараты жұмыс істейтін. Түбіртек, құжат – бәрін қолмен толтыратын едік. Қазір, әрине, бөлімшелер автоматтандырылған, операциялар бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жеңілдетілген», – дейді Разия Мұратқызы.

 

 

Араға жылдар салып, білікті маман арман қуып Алматыға келеді. Мұнда ол «Алматы поштамтының» ЕМС қызметтерді дамыту бөлімінің бас маманы болып өз қызметін жалғастырады.

«Менің бұл салаға келуіме себепкер болған бірден-бір жан – ол әкем. Кішкентайымда, әлі есімде, әкеме Жаңа жыл, 8 наурыз, 1 мамыр, 9 мамыр сияқты мерекелерде ашық хатты көптеп сату туралы тапсырма жүктелетін. Әкешім бізге соны 100 данадан бөліп беріп, біз соны мектепте достарымызға, құрбыларымызға сататын едік. Сол сияқты әкемізге газет-журнал таратуға көмектесетінбіз. Бала емеспіз бе? Ұлдар атқа, қыздар велосипедке мініп алып, ауыл адамдарына тез таратып шығатынбыз. Сондықтан болар, бала Разия поштаны кішкентайынан жақсы көрді, болашақта поштада еңбек етемін деп алдына мақсат қойды, сөйтіп есейгенде бірден пошта мамандығын таңдады», – дейді ол.

Ардагер байланысшы Мұрат Керімбаевтың пошта байланысы саласындағы жалпы еңбек өтілі 42 жылды құраған. Сол жолды қуған Разия Мұратқызының да Қазпоштада талмай еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгінде біздің кейіпкер Алматы поштамтының, Бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы қызметін атқарады.

«Клиенттермен жұмыс істеу бізден асқан төзімділікті талап етеді. Қазір адамдар ашушаң, шыдамсыз келеді. Соған қарамастан біз оларды жылы қарсы алып, нақты жауап беріп, келген мәселелері бойынша түсіндіріп, күліп шығарып салуға тырысамыз. Өз жұмысыңа жауапкершілікпен қарау – мұны да мен әкем марқұмнан үйренген шығармын. Қашан да өз кәсібіме адал болуға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, жылдам жұмыс істеп, барынша төзімді болуға тырысып бағамын», – дейді тәжірибелі маман.

 

 

Жас келсе – іске

Рәзия Мұратқызының жалғыз ұлы Ербол да өз болашағын пошта саласымен байланыстырған. Бүгінде ол 8 жылдан астам уақыт бойы «Қазпошта» АҚ филателия бөлімінің бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді.

«Атам мен анамның жолын қуып, мен де өз мансабымды Қазпоштамен байланыстырдым. Біздің бөлім поштаның ең негізі салаларының бірі – марка шығару ісіне жауапты. Өзім осында еңбек еткен 8 жыл ішінде талай марка шығарылды. Олардың әрқайсысында елдің кешегі тарихы, мемлекеттік маңызы бар оқиғалар мен тұлғалар жатыр. Сондықтан, осындай абыройлы қызметтің бір бөлшегі болу  - мен үшін үлкен мәртебе», – дейді Ербол Мұрат. 

Жас маман бүгінде шаңырақ көтеріп, анасы Разияның тағы бір арманын орындаған. Разия Мұратқызы компанияның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан өз әулеті мен әріптестерін мақтан тұтатынын атап өтті.

«Өмір қас-қағым сәт екен. Кеше ғана Тәуелсіздік алған тұста, тәй-тәй басып, хат-хабар мен сәлемдемені жеткізу қызметін үйлестірген Қазпошта бүгінде сан салалы, жеткізу қызметінен бастап, электрондық сауда қызметіне дейін жүзеге асыратын, әлеуеті зор, болашағы жарқын компанияға айналып отыр. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, өткен 30 жылда Қазпошта талай сынақтарды абыроймен еңсеріп, нық қадаммен алға қадам басып келе жатыр. Осы уақыт аралығында әр қазақстандық отбасының, кем дегенде бір мүшесі біздің қызметке жүгінді деп ойлаймын. Сондықтан Казпоштаның осы мерейтойында компанияның бұдан да биік белестерді бағындыра беруін тілегім келеді! Қазпошта –  өзіміз сияқты қарапайым еңбек адамдарынан тұратын тұтас бір әулет. Сол әулеттің бір мүшесі болып, адал еңбек ету бақыты – біздің де отбасыға бұйырыпты.  Әр адамның өткені мен бүгіні, алдыға қойған арман-мақсаты болады. Менің де арманым орындалды деп есептеймін, себебі әкем көзі тірісінде мені мақтан тұтып, «әке жолымен келе жатырсың» деп қатты қуанатын. Мен үшін асқар тау әкемнің үмітін ақтаудан асқан абырой жоқ! Сондықтан, баршаңызға айтарым ата-ана өз баласымен, ал бала өз ата-анасымен мақтануы керек!», - деп әңгімесін аяқтады біздің кейіпкер.

 

 

Саналы ғұмырын пошта байланысы саласының дамуына үлес қосқан үлгілі әулет әлі талай ұрпаққа өнеге болатынына сенімдіміз. Керімбаевтар әулеті сынды Қазпоштаның дамуына үлес қосқан әр жанның еңбегі ақталып, тұрғындармен бағаланса – компания үшін бұдан асқан мәртебе жоқ. Ендеше әр отбасыға хат-хабар мен сәлемдеме жеткізіп отырған Қазпошта алдағы уақытта қарыштап дамып, елдің әл-ауқатының жақсаруына өзіндік үлес қосатынына кәміл сенеміз.

Майнұр Жанақова