Баянды ғұмырын салауатты өмір салтын насихаттауға арнаған кейіпкеріміздің белсенділігі жалпы Қазақстан темір жолындағы әлеуметтік мәселелерді оңынан шешіп, теміржолшылардың денсаулығын бабында ұстауға тікелей септігін тигізсе керек. Бұған жақында қарияға «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан көрсетілген құрмет айқын дәлел.
Бүгінде зейнет демалысындағы Семен қартты мерейлі сәтімен құттықтау үшін «Қазақстан темір жолы» компаниясының бас инженері Батыр Котырев бастаған топ арнайы барды. Олар мерейтой иесіне Ұлттық компания басшылығының Алғысхатын, естелік сыйлығын табыстады.
Өз кезегінде Семен Песельник барша теміржолшылар қауымына спортпен үзбей айналысып, сергек жүруді тіледі. Себебі, дене шынықтыру арқылы болатжолдағы еңбеккерлер еңбек өнімділігін арттырып, тасымал көрігін қыздырып, биік белестерді бағындыра алмақ.
«Өмірімнің жарқын кездері, есте қаларлық жылдары темір жолда өтті. Осы салада жүріп спортты өркендету үшін қыруар шаруа атқарылды, тату ұжымның арқасында үздік нәтижелерге қол жеткіздік. Тіпті атағымыз Одаққа дүркіреп, алысқа жайылды. Естен кетпес тамаша әсерлерді бастан кештік. Сондықтан менің мәңгіге теміржолшы болып қалатыным анық», - дейді ол.
Оқу орнын вагон шаруашылығы мамандығы бойынша аяқтаған Семен Маркович алпысыншы жылдары Семейдегі жол бөлімшесінде еңбек жолын бастады. Жастық шағындағы спорттық жарыстарға құмарлығын да әрі қарай жалғастырған. Төккен тердің жемісі сол, жергілікті спортшылармен бірге облыс намысын қорғады. Қазақ темір жолының Семей бөлімшесінде қоғамдық іс-шараларға ден қоя кірісіп, осы тұста көптеген қажетті инфрақұрылым нысандары бой көтерді. Мәселен волейбол алаңы мен шайбалы хоккей корты пайда болып, қыс мезгілінде бұқара халық жаппай коньки тебуге жұмылған-ды.
Әлем біріншіліктерінде топ жарған теміржолшы-спортшыларды тәрбиелей білген Семен Маркович кәсіби шеберлігін арттыру үшін Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын тәмамдауды ұмытпады.
1969 жылы Алматыға қоныс аударған спорт жанашырының 25 жыл бойы әйелдер футболын дамытуға күш салғаны ерекше атап өтер жайт. Осылайша, әйелдер футболынан Қазақстанда алғаш құрылған «Алма-ҚТЖ» кәсіби клубы Еуропадағы үздік клубтардың қатарына қосылды.
Жарты ғасырдан астам талмай еңбек еткен, «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері», «Қазақстанның еңбегі сіңген бапкері» атақтарының иегері Семен ақсақал әлі де ширақ, күш-қуаты тың!