Бас директордың бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев №1, №2, №3 мұнай өндіру цехтарының өндірістік нысандарын аралады. Жұмыс бригадаларымен кездесу барысында ол өндірістік көрсеткіштер, технологиялық процестерді жаңғырту, біліктілікті арттыра отырып, персоналды даярлау және дамыту туралы айтты. Мұнайшылар интеграциядан кейінгі компаниядағы оң өзгерістерді сөз етіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Нақтырақ айтсақ, соңғы кездегі жаңа өндірістік нысандарды енгізу арқылы жұмыс процесін оңтайландыру жайын қозғады.
«Жалпы бізде қазіргі еңбек жағдайларына қатысты мәселе жоқ. Біз компаниядағы оң өзгерістерді көріп-біліп отырмыз. Жаңа цехтың, операторлық пункттің ашылып, жаңа жабдықтардың орнатылып жатқанын білеміз. Бұл біздің жұмысымызды біршама оңтайландырады. Сондай-ақ басшылықтың жұмысшылармен тығыз қарым-қатынасын да көріп отырмыз», – деп атап өтті мұнайшылар.
Одан соң басшылық бу өндіру цехының, қабат қысымын ұстау цехының және электр цехының объектілерінде болды. Жұмысшылармен әңгімелесу барысында өндірістегі мәселелер, сондай-ақ жабдықтарды жинақтау мен сапасына қатысты сұрақтар талқыланды. Мұнайшылар басшылықпен тікелей пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді. Басшылық ұжымды алға қойған жоспарлармен таныстырып, басталған жұмыстар келесі жылы кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.