К 30-летию Независимости Казахстана | 24 мамыр 15:25

Өндіріс озаты: Кен орнымен бірге біз де дамимыз

Қаражанбас өндіріске өрімдей шағында келіп, бүгінде саланың майталманына айналған мыңдаған маманымен қуатты.

Аға буын мұнайдың алғашқы тонналарын өндіріп қана қоймай, кен орнының өндірістік және әлеуметтік нысандарының бой көтеруіне куәгер болды. Қабат қысымын ұстау цехының шебері Сәкен Қойшығұлов та Қаражанбастың қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосып келеді.

Жас жігіт алғашқы вахта аусымына 1994 жылы аттанды. Сәкен №1 мұнай өндіру цехында сорап қондырғыларының машинисі бола жүріп, өндірістің қыр-сырын меңгерді. Бірнеше жылдан соң, ҚҚҰЦ ашылғаннан кейін, еңбек жолын жаңа цехта жалғастырды. Осылайша, өз ісінің шебері 30 жылға жуық уақыт бойы тұтас кен орнының қабат қысымын ұстау жолында еңбек етіп келеді.

«Мен ҚҚҰЦ-ның негізі қаланғаннан бері жұмыс істеймін. Қаражанбас жыл сайын жаңа аумақтарды игеруде, ұңғымалар бұрғылауда, технологияға, қызметкерлерді дамытуға қаражат салып, мұнай өндіруді тиімді етіп келеді. Бұл жетістіктер жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Кен орнымен бірге біз де дамимыз. Жұмысқа жаңадан келген кезде ондай мүмкіндіктер болған жоқ, сондықтан біз қолда бар нәрсені бағалауымыз керек», – деді шебер.

Өзінің мол жұмыс тәжірибесіне қарамастан, шебер жаңа технологияларды үйреніп, біліктілігін арттыруды тоқтатпайды. Өндіріс озаты – жеті перзенті бар көп балалы отағасы. Үш ұлы әкесінің жолын жалғап, мұнай саласында еңбек етіп жүр. Осылайша, кейіпкеріміздің отбасылық және кәсіби құндылықтары еңбексүйгіштік пен қайсарлықтың үлгісіне айналды.