Имамәди Ғабитов «Химиялық технология және өндіріс» мамандығы бойынша колледждің 4 курсында оқиды. Қаражанбастағы тәжірибе арқасында ол, өндіріс тынысын толық меңгеріп алған. Тәжірибеден өтуші бір жылдан бері ғылыми-зерттеу өндірістік жұмыстар цехында техникалық талдау зертханашысы болып еңбек етеді.
Қаражанбаста білімі мен тәжірибесін нығайту арқылы Имамәди химиктер арасындағы «Worldskills» халықаралық кәсіби шеберлік байқауында жеңіске жетті. Бұл жетістікке оның цехтағы тәлімгері – тәжірибелі маман, ҒЗӨЖЦ зертханасының меңгерушісі Бақытгүл Сағындықованың қосқан үлесі орасан зор.
«Жарысқа студенттер ғана емес, ірі компаниялардың қызметкерлері де қатысты. Мен ҒЗӨЖЦ-де тәжірибеден өткенімнің арқасында берілген тапсырмаларды тәжірибелі шеберлермен тең дәрежеде орындай алдым. Еліміздің ең ірі кен орындарының бірінде білімімді шыңдап, жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Тәлімгер және цехтың басқа да қызметкерлері көмектесіп, үйреткенінің арқасында біз берілген жұмыстарды өзіміз орындай аламыз. Болашақта өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасу оңай болады деп ойлаймын», – деді Имамәди Ғабитов.
Тәжірибеге бағытталған оқыту бағдарламасына мұнай өндіру операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, электромонтер, слесарь, инженер- технолог және т.б. мамандықтар бойынша 3,4 курс студенттері қатысады. Тәжірибе аяқталғаннан кейін олар өздерінің алғашқы еңбек кітапшаларын алады.
Айта кететін жайт, ҚБМ басқа студенттер үшін де мүмкіндіктерді молайтты. Нақтырақ айтсақ, жақын арада Түпқараған аудандық гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттерін кен орнындағы тәжірибеге тарту жоспарланып отыр.