К 30-летию Независимости Казахстана | 04 желтоқсан 16:25

Өндірістің өрісін кеңейткен маман

«Бұл бақ түгендейтін, тақ түгендейтін уақыт емес, беліңді бекем буып, қауымның жоталы шаруасына жан пида ететін заман» деген абыз Кекілбаевтың сөзі бар. Бүгінде Қаламқаста апталап, айлап еңбек етіп жатқан 1700-ге жуық мұнайшыны қысы-жазы жылумен, сумен қамтамасыз етіп отырған цех мамандарына артылған салмақ, жүктелер жауапкершілік зор. ПЖПЖЦ цехынан 1994 жылы бөлініп шығып, өз алдына іргелі ұжым боп үлгерген жылумен, сумен қамту және кәріз цехында 50-ге жуық маман жұмыс істейді.

Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Қаму Атшыбаевтың аталған цехта абыройлы қызмет атқарғанына биыл 30 жылға жуықтады. Еңбек жолын дәл сол бөлімшеде бастаған ол білікті оператор, бесаспап маманға айналды.

«Оператор болып жұмыс істей жүріп, ұжымның басы қосылмаса іс өнбейтініне көзім жетті. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді екен. Соңғы он жыл бедерінде біздің әлеуметтік жағдайымыз көп-көрім өзгерді. Жұмысымызға да, компаниямызға да алғысымыз шексіз», – дейді еңбек адамы.

 

«Жеміс еңбектен ғана өнеді, қиындық еңбекпен ғана шегінеді» дегенді жөн көретін ол жаңа технологияның өндіріске леп беріп, автоматтан-дырылған жүйе жылу мен судың қысымын, температурасын күндіз-түні бақылап отыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Қаму Нұржаубайұлының ата-анасы да – өмірін өндіріске арнаған жандар. Анасы Алтынзер Атшыбаева Пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау-жөндеу цехында ұзақ жыл жұмыс істеп зейнетке шықса, ағасы Сәбит Атшыбаев – бүгінде Қаламқастың өсіп-өркендеуі жолында елеулі еңбек етіп жүрген маңдайалды қызметкерлердің қатарында.

 

30 жыл. Абыройлы маман үшін аз уақыт емес. Біртұтас ғұмыр. Осы кезең ішінде мерейін арттырған марапаттың төресі – «Қаламқас кенорнына 60 жыл», «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 60 жыл» төсбелгілерін иеленді. Бұдан өзге, білікті маманға компания басшыларының алғысы мен құрметі де ерек.

Бүгінде Құдай қосқан қосағы Гүлбаршынмен 4 бала тәрбиелеп отырған бақытты әке өмірде әрбір істің қызығымен қатар қиындығына да қатар төзе білгенді жөн санайды.