Осы орайда Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдаған депутат Фахриддин Қаратаев:
«Біздің депутаттық сауалымызға 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» – «Серпін-2050» әлеуметтік жобасын іске асыру мақсатында халықтың оңтүстік өңірінен жұмыс күші тапшы солтүстік өңіріне қоныс аудару кезінде тікелей темір жол бағдарының болмауына байланысты қатынау, көші-қон күрделі мәселе болып отыр. Атап айтсақ, атажұртқа оралған қандастар көшін солтүстікке бұру, еліміздегі жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындары үшін ерікті қоныс аудару, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерінің жастарын оқуға жіберу сынды игі істер атқарылуда. Бұл бағдарлама өңірлердің ынтымақтастығын, олардың тұрғындарының өзара қарым-қатынасын күшейтіп, тұтастай алғанда, халқымыздың бірлігін нығайтуға да оң ықпалын тигізіп отырғандығы анық», – деді.
Депутат қазақстандықтардың басым бөлігі теміржол тасымалы қызметін пайдаланатынын еске салды. «Оның себебі пойыз қауіпсіз көлік екендігіне, маршруты мен жүріп-тұру кестесінің ыңғайлылығына және билет құнының қолжетімділігіне байланысты. Дегенмен де, шешімін таппай отырған мәселе – ол солтүстіктегі Қостанай, Павлодар өңіріне қоныс аударып жатқан халықтың қатынауы өте қиын. Әсіресе көшкен жастардың ата-аналары, қарттары, балаларымен, жүктерімен жүру қиынға соғуда. Мысалы, халық Түркістан облысынан Қостанай аумағына дейін қатынау үшін Алматы, Қа- рағанды немесе Нұр-Сұлтан қалалары арқылы пойыздардың уақыттары бір-біріне сәйкес келмей жарты күн, кейде бір күн күтуге тура келеді. Тіпті кейбірі такси жалдап баруға мәжбүр, бұл өте өзекті және кезек күт- тірмес үлкен мәселеге айналып отыр», – деген депутат жоғарыдағы жағдайларды ескере отырып, «Серпін» бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында «Қызылорда-Түркістан-Шымкент-Жамбыл-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызының ашылуына ықпал етуді сұрайтынын жеткізді.
Райхан Рахметова
Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»