Ақтөбелік Өрт сөндіру пойызы лезде оқиға орнына келіп жетіп, тілсіз жаумен күресті бастап жіберді. Үнемі дайындық сапында болып, жиі жаттығатын өрт сөндірушілер батыл да сауатты қимылдап, қызыл жалын екі сағат ішінде толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
– Өрт оқиғасы 30 маусым күні сағат 13:45-те Қорайлы станциясы маңында тіркелді. Қатты соққан жел өртті лезде теміржол бойына жақындатты. Оқиға орнында біздің өрт сөндіру пойызынан басқа ТЖД Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметі, Ақтөбе орман шаруашылығы мамандары техникасымен келді. Абырой болғанда пойыз кестесіне кедергі келтірілмей ауыздықталды, – деді Ақтөбе мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің бастығы Әділ Құбаев.
Құрғақ шөптің жануы кезінде өрт сөндірушілер кірпіні де құтқарып қалды. Ыстықта шөлдеген дала жануары өрт сөндіру кезінде аққан суға жүгіріп, рельс бойынан су ішкен. Құтқарушылар оған су беріп, қауіпсіз жерге көшірді.