2024 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Олаф Шольцті, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевті Орталық Азия мемлекеттері Көшбасшылары мен Германия Федеративтік Республикасының Канцлерінің екінші кездесуі үшін Астанада қарсы алды.
Ашық және конструктивті сипатта өткен кездесуге қатысушы Көшбасшылар Германия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы былтырғы кездесуден бері өрбіген ынтымақтастықтың жай-күйі жөнінде пікір алмасты.
Көшбасшылар екіжақты ынтымақтастық әртүрлі бағытта, соның ішінде Германия мен Орталық Азияның Еуропа Одағы (ЕО) және көпжақты форматтар аясында дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ олар Транскаспий дәлізін Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты және тиімді мультимодальды көлік байланысы ретінде ілгерілетуге және көлік, инфрақұрылым және консалтинг жобаларына қатысқысы келетін Германияның темір жол және логистика саласындағы компанияларын қолдауға келісті.
Көшбасшылар аймақтағы темір жол қатынасын жақсартудың маңызын атап өтіп, Транскаспий дәлізін дамытуды, осылайша ЕО-ның «Global Gateway» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосуға уағдаласты.