Атырау ұлттық мұнай-химия индустриялдық паркі аумағында "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc" ЖШС қолға алған жобаның құрылыс жұмыстарына 36 мердігер тартылған, оның 33-і отандық компания.
"ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc" ЖШС Басқарма төрағасы Данияр Тиесовтің айтуынша, кешен жұмысы басталған алғашқы кезеңде жылына 500 мың тонна полипропилен өндіріледі. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін жобаны жүзеге асыру көрсеткіші 6 пайыз ғана болса, жаңа менеджмент жүйесі енгізілгеннен кейін 34 пайызға көтерілген.
"Жұмысшылардың түгелге жуығы қазақстандық мамандар. Отандық кәсіпорындардың жұмыс сапасы шетелдік компаниялардан кем түспейтінін уақыт көрсетіп отыр. Мысалы, құрылысқа қажет ең үлкен құрылғы – колоннаны "АтырауМұнайМаш" зауыты дайындауда. Мұндай үлкен құрылғы бұрын-соңды біздің елімізде жасалған емес", - дейді "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc" ЖШС атқарушы директоры Дамир Әшімов.
Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталады. Жоба сәтті жүзеге асса, 50-ден астам жаңа өнім шығарылады. Еліміздегі тұңғыш мұнай-химия кешені шағын және орта бизнесті дамытуға тың серпін бермек.