Тарихи нысан 2000 жылдардың басында жекеге берілген. 20 жыл ішінде вокзал ғимаратының иесі бірнеше рет ауысқан, бірақ ешқашан жөндеуден өтпеген. Бұл жергілікті халықтың наразылығын тудырып отыр екен. Қала әкімі Өскемен вокзалы ғимаратының иесімен кездесіп, оның жоспарларын білмек болған әрекеті жауапсыз қалған, яғни кәсіпкер кездесуге келмей қойған.
Әкімнің айтуынша, ғимарат жекеменшікте болғандықтан күрделі жөндеуге бюджет қаражаты берілмейді. Вокзал иесіне 15 ақпанға дейін мерзім берілді. Осы уақытқа дейін ол өз мүлкін жөндеу жоспарын құруы керек. Сондай-ақ нысанда санитарлық-эпидемиологиялық және сәулет ескерткіштерін күтіп ұстау бойынша барлық талаптардың сақталуына бірден бірнеше тексеру басталады.
– Өскеменде жекеменшік кәсіпкердің өз меншігіндегі Металлургтер сарайын сауна, бар, көңілді демалуға арналған орындарға айналдырған жағдай болды. Біз бір жыл соттасып, ғимаратты мемлекеттік меншікке алдық. Қазір Өскемен вокзалын да қайтарып алуға күш саламыз. Өз тарапымыздан барлық көлік инфрақұрылымын ретке келтіреміз. ҚТЖ-дан да көмек сұраймыз. Вокзал Өскемен қаласының мақтанышына айналуы тиіс, – дейді Жақсылық Омар.
Райхан Рахметова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"