2022 жылдағы 11 айдың қорытындысы бойынша былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда теңіз порттары арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 19%-ға өскен. Оның ішінде контейнерлік тасымалдар 24%-ға ұлғайды. Сондай-ақ теміржол көлігі бойынша жүктерді тасымалдау және жүк айналымы 6%-ға артқан.
Бұл ретте 2022 жылы теміржол көлігі саласындағы ірі жобалардың бірі «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші жолының құрылысы басталғанын айта кеткен орынды.
Сонымен қоса транзиттік учаскелердегі «тар шеңберлі» жерлерді жойып, тасымалдау көлемін ұлғайту үшін «Дарбаза – Мақтаарал» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу мен «Бақты – Аягөз» теміржол учаскесінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.
2023 жылға арналған жоспарлар туралы тоқталсақ, жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жолаушылар вагондарын сатып алу мен еліміздегі автобус паркін жаңарту межеленіп отырғанын атап өткен жөн. Теңіз көлігі саласына келсек, бұл бағытта Ресей елімен теңізшілердің кәсіби дипломдарын өзара мойындау туралы келісім жасау жөнінде жұмысты жалғастыру көзделген.
Көлікті цифрландыру саласында «Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін» пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жүйе тауар-көлік жүкқұжаттары мен жол парақтарын электронды форматқа ауыстыруға септігін тигізеді.