К 30-летию Независимости Казахстана | 03 маусым 12:45

Өз кәсібінің үздіктері анықталды

Қаламқас кенорнында «Үздік маман-2022» кәсіби байқаудың ІІ кезеңі аяқталды. Байқаудың бірінші кезеңінен сүрінбей өткен 42 мұнайшы үздіктердің үздігі атануға бар күштерін салды. Аталған сайыс 1-кезеңдегідей мұнай және газ өндіру операторлары, слесарь-жөндеушілер, қабат қысымын ұстау операторлары, электргазбен дәнекерлеушілер, токарлар, ұңғымаларды зерттеу операторлары және химиялық талдау зертханашылары арасында өткізілді.

Бірінші күні байқаудың практикалық бөлімі өтті. Мысалы, мұнай және газ өндіретін операторлар сорғы сальниктеріндегі тығыздағышты ауыстыру қажет болды. Сонымен қатар, барлық тапсырмаға ең көп дегенде 11 минут уақыт беріліп, құралдарды дұрыс пайдаланбағаны немесе жекелеген операцияларды өткізіп жібергені үшін айыппұлдар есептелді.

Токарьлар 425 сызбаға сәйкес, ОЖЖ 180-85 сорғысына қашықтықтан тепкіштік төлке жабдығын дайындауға тиіс болды. Химиялық талдау зертханашылары тауарлық мұнайдың тығыздығын анықтады, ал қабат қысымын ұстау операторлары ұңғымадағы шарлы дроссельді кранды ауыстыруды жүзеге асырды.

Әрбір қатысушыны комиссия мүшелері мұқият бақылап қана қоймай, олар жұмыстың жылдамдығы мен сапасын, сонымен қатар қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау қағидаларының сақталуын, жұмыс орнының мәдениетін бағалады.

Практикалық дағдыларды бағалау нәтижелері бойынша кемінде 4,5 ұпай жинаған үміткерлер байқаудың теориялық бөліміне қатысты. Теориялық бөлім "My Test" бағдарламасында on-line режимінде өткізілді. Қатысушылар 60 минутта 50 сұраққа жауап беруі тиіс болды.

Осылайша екі күн бойы тартысқа толы дода өз мәресіне жетті. Атақты фанфар үні естілгенде кеудесін қуаныш кернеп, сахнаға алшаң басып нағыз шеберлер мен өз ісінің мамандары шығатын сәтті әр мұнайшы армандайтыны анық қой. Міне, арман орындалды! Жұлдызды минуттар туды.

Сайыс соңында Басқарма басшылары байқау жеңімпаздарын құттықтап, естелік сыйлықтарын табыстады.

Жыл сайын өз мамандығының сайыпқырандарын сынға салып, жүзден жүйрік шыққандарды анықтау бүгінде –Компаниямызда жақсы үрдіске айналды. Ең бастысы, осындай сайыс бір салада еңбек ететін әріптестердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырып қана қоймай, шеберлігін шыңдауға мол мүмкіндік береді.

Сайыстың барлық жүлдегерлері үшін күнтізбелік жыл ішінде орташа айлық тарифтік мөлшерлемесіне ай сайынғы белгіленген 1-орын үшін – 30%, 2-орын үшін - 20%, 3- орын үшін – 10% мөлшерінде қосымша ақы төленеді.

Сонымен қатар, "Үздік маман-2022" жеңімпаздары осы жылы күзде өтетін "Қазмұнайгаз" Ұлттық компаниясының "Үздік кәсіп иесі" байқауында өз ұжымының намысын қорғайтын болады.

ӨЗ КӘСІБІНІҢ ҮЗДІКТЕРІ:

Мұнай және газ өндіру операторы

1 орын – Серікбаев Қуаныш Ұзақұлы 2 орын – Махамбетов Талғат Болатұлы 3 орын – Сарсенбаев Фархад Дәуірханұлы

Ұңғымаларды зерттеу операторы

1 орын - Қазиев Асхат Ақбергенұлы 2 орын – Мақсатұлы Жомарт 3 орын – Жұрымбаев Айбек Әділханұлы

Қабат қысымын ұстау операторы

1 орын – Айжарықов Серікбол Айжарықұлы 2 орын – Қалмағанбетов Айболат Айтбайұлы 3 орын - Сүйесін Мұрасбек Сүйесінұлы

Электргазбен дәнекерлеуші

1 орын – Балғазиев Әнуарбек Бекібайұлы 2 орын - Қонарбаев Ғабиден Балықбайұлы 3 орын – Жарманов Асылбек Сәуірғалиұлы

Токарь

1 орын – Иман Рахат Жарылғасұлы 2 орын – Садақбаев Серік Дәуітұлы 3 орын – Секов Рахат Аманжанұлы

Слесарь-жөндеуші

1 орын - Бижанов Абдол Тұрдымұратұлы 2 орын - Оңғалиев Кенжебек Мырзабекұлы 3 орын – Абуов Ренат Жұмабайұлы

Химиялық талдау зертханашысы

1 орын – Абатова Гүлзия Төлесінқызы 2 орын – Мовжанова Аршынгүл Қалдыходжақызы 3 орын – Джайлиханова Нұржамал Түгелбайқызы