Мұхамединнің өнегелі еңбек жолы осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын басталды. Ол кезде Қаражанбас кен орнында бар болғаны 12 ұңғы мұнай өндіріп тұрған. «Ол жылдары жөндеу бригадасы ұңғыға трактормен жетем дегенше бір күн кететін еді, қазір жағдай жақсарып, бұл жолды 1-2 сағатта жүріп өтеміз» деп еске алады аға шебер.
«Қаражанбасқа келгенде жиырмадан жаңа асқан жас жігіт едім. Ол уақытта қызметке деген құлшыныс бөлек болады ғой. Бәрін көріп, үйренгің келіп тұрады. Соның арқасында кен орнының қалың балшығын да кешіп өттік. Кен орнында қазіргідей жағдай болмаса да, еңбек етуді тоқтатқан емеспіз», – дейді Мұхамедин Сарқұлов.
Өмірін өндіріске арнаған кейіпкеріміз «Тұлпар Мұнай Сервис» ЖШС-де машинист, диспетчер, шебер боп шыңдалды. 2016 жылы еңбегі еленіп, аға шебер қызметіне кіріскен. Әріптестері оған өз мамандығының майталманы деп баға береді.
«Мұнай өндіру жұмысын қалыпқа келтіру үшін жер асты жөндеу жұмысын сапалы жүргізу шарт. Сондықтан біз өзімізге жүктелген міндетті мінсіз орындауға барымызды саламыз. Қызметте кәсібиліктен бөлек, ұжымдық байланыс мықты болуы керек. Бәріміз жұдырықтай жұмылсақ, біз алмайтын асу қалмайды», – дейді Мұхамедин Сарқұлов.