К 30-летию Независимости Казахстана | 28 қыркүйек 07:11

Өзбекстанда шығыс стиліндегі пойыздар жүре бастады

Өзбекстанда Шығыс стилінде жасалған бірегей пойыздар пайда болды. Жоба немістің Lernidee Erlebnisreisen туристік компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған, деп хабарлады Egemen.kz сайты.

Мұндай алғашқы пойыз биылғы 12 сәуірде «Ташкент – Бұхара – Хиуа – Самарқанд – Камаши – Китаб – Түркістан – Бішкек – Алматы» бағыты бойынша жолға шыққан-ды. Бұл халықаралық туристік пойыздар ретінде аталады. Оларға мінген алғашқы жолаушылар Германия, Швеция, Англия, Люксембург, Канада, Индонезия, Ирландия сияқты елдерден келген туристер болды.

Жылдың соңына дейін 10 осындай пойыз жолға шығады деп жоспарланып отыр. Келесі туристік чартерлік пойыздар 2023 жылдың тамызы мен қазаны аралығында іске қосылады. Айта кету керек, әр вагон Батыс пен Шығыс стильдерінің қосындысы негізінде безендірілген. Вагоннан вагонға көшкенде жиһаздар, интерьер, ыдысаяқ, тіпті ас үй өзгереді. Дегенмен вагондарды безендіруде өзбек халқының ұлттық нақыштарына басымдық берілген. Нақтылай айтқанда, вагон қабырғалары шығыс миниатюралары және өрнек­терімен айшықталған.

 

Айта кету керек, Шығыс елдерінің стилі этностық дизайн үрдісінің тұтас тобын сипаттайды. Бұған әдетте Азия мен Арабстан, Африка және Мауритания, сондай-ақ Үндістан стилі кіреді. Бұл стиль этностық ою-өрнектермен безендірілген, айқын симметриялы тұрақты гео­метриялық пішінді жиһазбен мазмұндалады. Жұмсақ әшекейлердің барлық түрі Шығыс стилінде орынды көрінеді. Кілемдер, жастықтар, төсек жапқыштар, перделер, көрпелер өрнегі туристерді бірден қызықтырады.