Өзенмұнайгаз қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағытында ауқымды бағдарламаны іске асырды 2025 жылы жаңа әкімшілік-тұрмыстық және шаруашылық кешендер салынып, сондай-ақ оператор бөлмелеріне, асханаларға, медициналық пункттерге және қызметтік үй-жайларға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағытындағы Жол картасы аясында 47 нысан қамтылды. Бүгінде ғимараттардың басым бөлігі пайдалануға берілген, ал бірқатар жоба бойынша қабылдау құжаттарын рәсімдеу аяқталуда. Барлық жұмыс өнеркәсіптік қауіпсіздік пен сапа талаптарына сай орындалды.
Ең ірі нысандардың ішінде №5 Ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасының әкімшілік-өндірістік және шаруашылық-тұрмыстық кешендерінің құрылысы, сондай-ақ Ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу цехының әкімшілік ғимараты, Бұрғылау жұмыстары басқармасының өндірістік қызмет көрсету цехының 120 адамға арналған шаруашылық-тұрмыстық кешенінің құрылысы бар.
Бұдан бөлек, Автоматика және телекоммуникация басқармасының әкімшілік-тұрмыстық кешенінің құрылысы аяқталып, өндірістік персоналдарға арналған бірнеше жаңа ғимараттар мен модульдік нысандар пайдалануға берілді.
Сонымен қатар 2025 жылы жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталды: Мұнай-газ өндіру басқармаларының, Өзенэнергомұнай, Автоматика және телекоммуникация басқармаларының, Бұрғылау жұмыстарының бөлімшелеріндегі шаруашылық-тұрмыстық кешендер, асхана, жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелер мен әкімшілік үй-жайлар жаңартылды.
Өзенмұнайгаз жұмысшылардың еңбек жағдайларын тұрақты негізде жақсартып келеді және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.