Өзен кен орнындағы барлау жұмыстары 1959 жылы басталды. Ал 1960 жылы Ғазиз Әбдіразақовтың бригадасы алғашқы рет газ өндірсе, бір жылдан соң, 1961 жылдың соңында Михаил Кулебякиннің бригадасының еңбегінің нәтижесінде алғашқы мұнай фонтаны атқылады. Өзен кен орнының, сонымен бірге Жаңаөзен қаласының даму тарихы, міне, дәл осы сәттен бастау алады.
«Қазақстанның дамуына осы Өзен кен орнының қосқан үлесі зор деп нық айта аламын. Мұнайшылар қаласына мен 1961 жылы Форт-Шевченко қаласынан келген едім. Менен бөлек отыздай адам болды. Біз осылайша Маңғыстау мұнайының алғашқы өндірушілері қатарынан табылып, есіміміз Өзенде бірінші болып ашылған кен орнындағы ескерткішке қашалып жазылды. Өкініштісі, бүгінде сол қатардағы мұнайшылардың көбі арамызда жоқ, бірақ тарих оларды ұмытпайтынына осы ескерткіш куә», – дейді КСРО мұнай өндірісінің үздігі, Қазақ КСР еңбек ардагері Болатбай Қарамырзаев.
«Өзен» мұнай өндіру басқармасы 1964 жылы 15 шілдеде құрылды. Оның бірінші басшысы – даңқты мұнайшы Рахмет Өтесінов болды. Осы жылдың наурызында мұнайшылардың болашақ қаласы – Жаңаөзеннің іргетасы қаланды. 1965 жылы Өзен мұнайының алғашқы эшелоны Гурьев мұнай өңдеу зауытына жөнелтілді. Ал арада бірнеше жыл өткен соң Өзен – Атырау – Самара ірі магистральді мұнай құбыры салынды.
Миллиондық межеге 1966 жылы қол жеткізілді: бар болғаны 5 жылда өндірісшілер алғашқы миллион тонна мұнайды жер бетіне шығарды. Дәл осы жылы Өзен мұнайын теңіз және темір жол арқылы тасымалдауға мүмкіндік беретін Өзен – Жетібай – Шевченко мұнай құбыры пайдалануға берілді. Бұл құбыр желісі мұнай мен газ өндіру ісін бірнеше есе арттыруға жол ашты. Жетпісінші жылдары Өзен кен орны бүкіл республикада өндірілетін мұнайдың тең жартысын беріп тұрды. 1996 жылғы сәуірде өндіріс басқармасы «Өзенмұнайгаз» ААҚ болып қайта құрылса, 2004 жылғы 1 сәуірде «Өзенмұнайгаз» ААҚ мен «Ембімұнайгаз» ААҚ-ның бірігуінен кейін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ құрылды.
Өзен – Маңғышлақ түбегінде орналасқан мұнай-газ кен орны. Кені 0,9-2,4 шақырым тереңдікте орналасқан. Тәулігіне 10-81 тонна мұнай өндіру қуаттылығына ие болса, газ бойынша көрсеткіші – 8-ден 230 мың текше метрге дейін. Мұнай тығыздығы – текше метріне 844-874 кг. Мұнайдың орташа орналасу тереңдігі – 1 110-2 300 метр.
«1964 жылдан қазірге дейін 400 млн тонна мұнай өндірілсе, әлі шамамен 15 млн тонна мұнай қоры бар. Сондай-ақ, жаңа технологияларды қолдана отырып, біз өндірілуі қиын аудандардан тағы да 30 млн тонна мұнай алуды жоспарлап отырмыз», – дейді бірінші мұнай-газ өндіру басқармасы директорының геология және әзірлеу жөніндегі орынбасары Руслан Малманов.
«Өзенмұнайгаз» АҚ аға шебері Нұрберді Шүрменовтың айтуынша, станцияда 30-ға жуық адам қызмет етеді. Олар ұңғылар мен сорғыларды жөндеумен айналысады.
«Мен мұнай-газ саласында 1983 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмысымыз жоғары қысыммен байланысты болғандықтан, қауіп деңгейі айтарлықтай жоғары. Сондықтан мұнайшы болу үшін мықты да батыл болу қажет», – дейді Нұрберді Шүрменов. Әріптесінің пікіріне мұнай және газ өндіру шебері Иса Бимбетов те қосылады:
«№1 мұнай-газ өндіру басқармасында 25 ұңғыма бар. Біз мұнай мен газды жоспарлы көлемде өндіру мақсатында жұмысты тәулік бойы тоқтатпаймыз. Жұмыстың ауыр екеніне қарамастан оны жақсы көремін».
Мұнайшылардың айтуынша, өндіріс жұмысының жауапкершілігі орасан. Техникалық және жер қыртысының кедергілерінен бөлек, ауа райы да аз қиындық тудырмайды. Маңғыстауда жазғы температура 50 градусқа дейін көтеріледі, ал қыста қытымыр аяз болады. Оған қоса, жиі мазаны алатын шаңды бораны да бар.
2012 жылы шілдеде «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы қайтадан «Өзенмұнайгаз» АҚ болып құрылды. Компания құрамына 16 өндірістік құрылымдық бөлімше кіреді. Қазіргі таңда компанияда Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игерумен айналысып жатқан 9 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мұндай бөлімдердің бірі – сонау 1974 жылы құрылған, мұнай-газ өндіру басқармаларын техникамен қамтамасыз ететін №3 ұңғымаға қызмет көрсету басқармасы.
«Біздің басқарма Өзен және Қарамандыбас кен орындарындағы мұнай-газ өндіру басқармаларын арнайы техникамен қамтамасыз етумен айналысады. Ұжымда 414 жұмысшы бар. «Өзенмұнайгаз» Қазақстандағы мұнай компанияларының арасындағы ең үздігі деп атауға лайық. Тіпті, өз критерийлері бойынша компания кей ТМД елдері компанияларын да артқа тастайды. Біз мұны мақтаныш тұтамыз», – дейді №3 ұңғымаға қызмет көрсету басқармасының әлеуметтік-әкімшілік қамсыздандыру бөлімінің жетекшісі Алмас Исаев.
Әлемде энергияға деген қажеттілік жойылмайды, ал мұнай мен газ – энергияның ең маңызды көздері. Оларға деген сұраныс жыл өткен сайын тек артып келеді. Бұл сұранысқа лайықты жауап беру – мұнайшыларға жүктеліп отырған міндет. Олардан мұнайдың жаңа көздерін табу жолында инновациялық шешімдер күтеді. Сәйкесінше, бұл кәсіп иелері адамзат болашағын анықтап, әлемді жақсартуға жұмыс істеумен келеді.