Ерлан А.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің түлегі. Англиядағы ETC халықаралық колледжінде ағылшын тілін менгеріп, Назарбаев универсиетінде кәсіби біліктілігін арттыру курсынан өткен. Компаниядағы Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен "Жігіт сұлтаны-2017" байқауына қатысып, жүлделі 3-орынға ие болған. "Ой-дода" зияткерлік сайысында ой-санасы ұшқыр ойыншы ретінде танылып, кезекті ойынның "Үздік ойыншысы" атанды. Жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін қала әкімі, компания басшылығы, "Нұр Отан" партиясының Алғыс хаттарымен марапатталды.
"Жылдың үздік жас мұнайшысы атанып, туған жерін дамытуға атсалысып жүрген озаттардың қатарынан көріну - мен үшін үлкен абырой. "Марапат- мерей өсіреді" дегендей, жеңіс адамды алға ұмтылдырады, жаңа белестерді бағындыруға күш береді", - дейді Ерланның өзі.
Мұрат Ақын болса, инновациялық жобалардың авторы, технологиялық жаңалыққа жаны құмар жан. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы бойынша үздік инновациялық жобалар байқауының жеңімпазы. "Инновациялық коммуналдық есептеу орталығы" және "Интеллектуалды тербелмелі қондырғы 16" жобасының авторы.
"Әкем марқұм шебер болатын. Кез-келген дүниені өз қолымен жасап, бұзылған жағдайда өзі оңдайтын. "Әкеге қарап ұл өсер" демекші, мен де бала кезімнен техникаға қызығып өстім. Идея – мұқтаждықтан туады. Қызмет көрсету саласын оңтайландыру мақсатында, цифрландыруға мүмкіндігі бар заманда, электронды қызметке көшкен дұрыс деп есептеймін", - дейді Мұрат.