Мұхтар, бұл қандай бастама? Жалпы эко-жобалар елімізде қаншалықты дамыған?
Бірде отбасыммен табиғат аясында демалдық. Сонда табиғат ананы қоқыстан тазалау идеясы келді. Елорданың маңайында өте әдемі демалыс орындары, жағажайлар жеткілікті. Бірақ, жасыратыны жоқ адам көп жиналатын жерлер, балық аулайтын көлшіктер маңайы, туристер қыдыратын жерлерде қоқыс көп. Адамдардың әлі де қоршаған ортаға немқұрайлы қарайтыны байқалады. Отбасыммен табиғатқа жиі шығатындықтан осындай экологиялық проблемалар мені алаңдатады. Айналаңды қоқыс жайлаған жерлерде демалу да қиын, табиғат ананың алдында өзіңді жауапты сезінесің. Қазір карантин уақыты, таза ауаға шығатын адам саны аз. Сол себептен, дәл қазір демалыс орындарының аумағын жинауға ең қолайлы кез деп санаймын. Сенбіліктер әдетте қызықсыз өтеді, сол себептен мен эко-жобама дене шынықтыруды, спорттық ойындарды да қостым. Табиғатты тазартумен қатар, таза ауада спортпен шұғылдану қандай ғанибет. Солай емес пе? Біздің эко-плоггингке әріптестерім, достарым, олардың отбасылары және эко-белсенділер қатыса алады. Іс-шараға бір рет қатысқан адамдар әдетте табиғатқа, айналаға деген көзқарастарының өзгергенін айтып азаматтық жауапкершілік сезіне бастайды. Айта кетейін, бұл жоба тек қоқыстарды жинаумен ғана шектелмейді. Кейде қоқысты жинауды аяқтаған соң садақ ату ойындарына кірісеміз. Менің бір тілегім бар. Бұл жобаға әріптестерім ғана емес олардың балалары да қатысса екен. Себебі жас жеткіншектер ата-аналарының табиғатқа деген жанашырлығын көріп өссе патриоттық сезім қалыптасып, экологиялық мәдениеті жоғарылай түседі. Алдағы уақытта жиналған аймақтардың геолокацияларын жариялап отыру да жоспарда бар.
Пандемия жағдайында әріптестеріңізді осындай іс-шараға жинау қиынға соқты ма? Әлде олар сіздің бастамаңызды бірден қолдады ма?
Әрине коронавирус пандемиясы кезінде мұндай іс-шараларды жүзеге асыру оңай емес. Бірақ әріптестерім бұл идеяны бірден қолдап экологиялық акцияға қызығушылық танытты. Сенбілікте біз бас санитарлық дәрігердің айтқан қауіпсіздік шараларының барлығын ұстануға тырыстық. Бұл сенбіліктерді қалалық әкімдікпен бірлесе отырып ұйымдастырдық. Олар біз тазалаған қоқыстарды алып кетуге келісті. Бұған дейінгі сенбіліктерде қалдық-қоқыстарды өзімнің көлігіммен таситынмын. Бірақ қатысушылар саны ұлғайған сайын қоқыс көлемі де көбейді, сол себептен әкімдікпен сөйлесіп осы мәселені бірлесіп шеше бастадық. Тазалық жұмыстарына «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының 10-ға жуық ұйымының қызметкерлері қатысты. Меніңше мұндай шараларда бастысы адам саны емес, атқарылған жұмыстың сапасы маңызды.
Экологиялық сенбілік кезінде қандай аймақтар тазаланды?
Біз осыған дейін Тайтөбе маңайындағы Нұра өзенінің жағажайын жинадық. Ол жердің аумағы да өте үлкен. Ал қазір Есіл өзенінің жағалауын жинауды бастадық. Карантин шаралары толық аяқталған соң, ауқымды экологиялық тур жасауды да жоспарлап отырмыз. Табиғатты аялау – әрқайсымыздың міндетіміз. Сондай-ақ, осы турларда экологияға қатысты лекциялар оқуды қолға аламыз. Ең алғашқы дәрісті өте сауатты эколог әріптесім оқитын болды. Басты мақсат – айналамдағы адамдар эко-мәдениетті қалыптастырса деймін. Сондықтан, сенбіліктерге шыққанда тек қоқыс жинауды ғана құп көрмеймін. Ойындар ұйымдастырып, пайдалы лекциялар тыңдап, спортпен шұғылданғанда сенбілік адамды шаршатпайды.
Жобаны ары қарай жалғастыру үшін басқа да әріптестеріңізге қандай мотивациялық кеңестер айтар едіңіз?
Мен мотиватор емеспін. Бірақ Махатма Гандидің мына сөзі есіме түсіп отыр «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста». Меніңше, бұл жоба Қор компаниялар тобы әріптестерін бір ортада жинап, бір-бірімен байланыс орнатуға өте жақсы алаңға айналды. Көбісі отбасыларымен қатысуда. Алдағы уақытта тек әріптес ретінде ғана емес, дос ретінде аралассақ та нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз. Қазір мен рухтас адамдар тобын жинаумен айналысудамын. Біздің компанияларда талантты жандар өте көп. Мұндай шаралардың түр-түрін жасауға мүмкіндік бар. Мен келешекте балаларыма, жақындарыма таза әрі қоқыссыз қоршаған орта қалдырғым келеді. Егер болашақта балаларым менен: «Әке, ал сен қоршаған ортаны жақсарту үшін не істедің?» деп сұраса, ұялмай жауап бергім келеді. Меніңше, отбасы – әрбіріміз үшін ең үлкен мотивацияға айналуы керек!
Әңгімелескен, Альбина ӘТЕН