К 30-летию Независимости Казахстана | 14 маусым 16:20

Парламентте ҚТЖ-ның қаржылық жағдайы сөз болды

Парламенттің жалпы отырысында «Көлікті дамытуға және көлік саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы» Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебі тыңдалды.  

Палата төрағасы Әлихан Смайылов «ҚТЖ» компаниясының аудит нәтижесін баяндады. Соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалғанын жеткізді.  

– 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізуі жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтижені бермеді және ҚТЖ табыстарының айтарлықтай азаюына әкеп соқты. Жеке жүк тасымалдаушылар мұнай және мұнай өнімдері сияқты пайдасы көп тасымалдарды, электрлендірілген учаскелерде пойыз құрамын толық толтыратын маршруттарды иеленген. Жеке жүк тасымалдаушылардың тарифтері жоғары. Жекелеген жағдайларда 32%-ға, соның ішінде іс жүзінде жоқ шығындарды қосу есебінен асырылған. Бұл түпкілікті тұтынушы үшін тауар тасымалдау құнына айтарлықтай әсер етеді, – деді Ә.Смайылов.

ҚТЖ-ның борыштық жүктемеге қатысты баспасөз қызметі берген мәліметтерге сәйкес қазіргі уақытта ҚТЖ номиналды қарызы 2,9 трлн теңге, оның 30% шетел валютасында. Дегенмен, компанияның өндірістік және қаржылық көрсеткіштері жыл сайын жақсарып келеді. Үш жыл ішінде компанияның кірісі 2021 жылғы 1,3 трлн теңгеден 2023 жылы 2 трлн теңгеге дейін көтеріліп, тұрақты серпін көрсетуде.  

2023 жылдың қорытындысы бойынша пайда 134 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылдан 4 есе көп. Бұл – компанияның соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіші. Бұл ретте компания кредиттер бойынша барлық міндеттемелерін уақытылы орындауда. ҚТЖ-ның тұрақты қаржылық жағдайы халықаралық рейтингтік агенттіктердің кредиттік рейтингтерінің деңгейімен және компанияға кредиттік қаражат пен кепілдіктер беретін халықаралық қаржы институттары (Moody's Investors Service – «Baa3» кредиттік рейтингі, «Тұрақты» болжамы; FitchRatings – «BBB» кредиттік рейтингі, «Тұрақты» болжамы; S&P – «BB» кредиттік рейтингі, «Тұрақты» болжамы; Moody's ESG Solutions-ESG рейтингі-А2, 57 балл) тарапынан сенім білдіріліп расталып отыр. Қазіргі уақытта компания Үкіметпен және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚмен бірлесіп, борыш деңгейін төмендету және инфрақұрылым мен жылжымалы құрамға инвестициялардың жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету үшін реттелетін тарифтерді біртіндеп арттыру және транзиттік кірістерді ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде.  

Жоғарыда айтылған мәселелерге орай Парламент мәжілісінің қаулысы шықты. Онда ел Үкіметіне «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның борыш жүктемесі көлемін азайту жөніндегі шараларды қабылдау тапсырылды. Ал Көлік министрлігіне теміржол көлігі саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, автомобиль және теміржол көлігімен транзиттік тасымалдарды бірыңғай автоматтандырылған есеп алуды ендіру міндеттелді.

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"