Эш-4161 сериялы паровоз – Қазақстандағы ең бір ескі паровоздардың бірі. Биыл оның зауыттан шыққанына 98 жыл толады.
Мұндай ескерткіш орнату – ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан темір жолының 100 жылдығына орай ұсынған идеясы.
Раритетті техника елордаға Жамбыл депосынан жеткізілді. Эш-4161 паровозы Кеңес одағының тапсырысымен 1922 жылы Швецияда жасалған. Кеңес үкіметі сол кезде осындай 1000 машинаға тапсырыс берген екен.
Паровоз биыл 90 жылдығы атап өтіліп жатқан Түркістан-Сібір теміржолы телімдеріне қызмет көрсеткен. Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл паровоз майданға жүк тасыған.
Талай рет оқ пен бомбалар астында қалған. Соғыстан кейін паровозды ескі сыр қалдықтарынан тазарту кезінде теміржолшылар «Неміс оккупанттарына өлім!» деген жазуды оқыған. 1945 жылы паровоз Жамбыл локомотив пайдалану депосына беріліп, ол мұнда маневрлік қозғалыстар үшін пайдаланылады. 1980 жылдардан кейін тартым күші жаппай тепловоздар мен электровоздарға көшкесін паровоз депода тұғырға қойылып, өткен күннен ескерткіш болып қалды.
Содан кейін елордаға жеткізіліп, вокзал алаңына тұғырға қойылды. Тарихи паровозға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оның өткен жолдары жазылған естелік тақта орнатылған. Елордадағы белсенді теміржолшылар, тарих жанашырлары паровоз ескерткішін өңірлік маңызды мәдени мұралар қатарына жатқызуға лайықты нысан екенін айтады.
Бұл оны вандалдар мен жергілікті қаңғыбастардан сақтайды. Өйткені, жыл сайын елордалық локомотив пайдалану депосының жұмысшылары тарихи нысанды ретке келтіріп, күтімін жасап отырса да ескерткішке бұзақылар тарапынан залал келтіріледі екен.
Тарих пен мәдениет ескерткіші ретіндегі мәртебе оны ұзақ жылдар бойына сақтап, аудандық әкімдік пен құқық қорғау органдары бастаған мемлекеттік қолдау кепілдігін берер еді деп санайды бастамашылар.
Және бұл Түрксібтің 90 жылдығына орай жүзеге асырылған игілікті іс болары анық.
Райхан Рахметова