Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Павлодар мұнай-химия зауытында өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ететін және адами фактордың кері әсерін азайтатын заманауи цифрлық шешімдер кешенді енгізіліп жатыр.
Негізгі жобалардың бірі – Электрмен жабдықтауды диспетчерлік басқарудың автоматтандырылған жүйесі. Бұл жүйе кәсіпорынның электрмен қамтамасыз ету схемасын қашықтан басқаруға, энергия теңгерімін нақты уақыт режимінде бақылауға және жүйедегі өзгерістерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар зауыттағы MES жүйесі маңызды рөл атқарады. Ол жабдықтар, зертханалар және корпоративтік ақпараттық жүйелер деректерін бірыңғай цифрлық ортаға біріктіреді. Бұл қондырғылардың негізгі көрсеткіштерін бақылап, технологиялық режимнің сақталуына және өндірісте ақауларды дер кезінде анықтауға септігін тигізуде.
Кәсіпорында өндірістік процестерді модельдеу және оңтайландыру үшін Aspen Hysys бағдарламалық кешені қолданылады. Оның көмегімен қондырғылардың цифрлық көшірмесі жасалып, өнім шығымын болжау, түрлі жұмыс сценарийлерін талдау және тиімді шешімдерді таңдау жүзеге асырылады.
Жалпы, аталған цифрлық жүйелерді кешенді пайдалану Павлодар мұнай-химия зауытында операциялық тиімділікті арттырып, жабдықтардың сенімді жұмысын қамтамасыз етеді.