Құжат «Ақтас Энерджи» ЖШС жобасы бойынша құрылатын Joint Credit Mechanism (JCM) тетігі аясында көміртегі бірліктерін шығару, верификациялау және іске асыруды көздейді. Бұл - көміртегі бірліктерін кейіннен тарату мақсатында Қазақстан мен Жапония Үкіметтерінің қатысуымен JCM Бірлескен комитеті тарапынан Project Idea Note* (PIN) мақұлданған алғашқы пилоттық жоба.
Құжатқа «Ақтас Энерджи» ЖШС бас директоры Илья Чернодаров және Marubeni Middle East & Africa Power Limited бас директоры Кэй Сато қол қойды. «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов және Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қол қою рәсіміне куәгер болды.
Marubeni Corporation — 1858 жылы негізі қаланған және Токиода орналасқан Жапонияның ірі сауда-инвестициялық компанияларының бірі. Компанияның 50 мыңға жуық қызметкері, әлем бойынша 130 кеңсесі бар. Энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп және жаңартылатын энергия көздері салаларында жобаларды жүзеге асырады.
*Project Idea Note — жобаның сипаттамасын, парниктік газдардың болжалды азайтылатын көлемін бағалауды, сондай-ақ оны іске асырудың негізгі параметрлері мен тәсілдерін қамтитын тұжырымдамалық құжат.