К 30-летию Независимости Казахстана | 22 қараша 13:08

Пойызда сәби дүниеге келді

«Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол – Шымкент» бағытындағы №85/86 пойызында аяғы ауыр әйелді жолаушылар мен жолсеріктер босандырып алды.

Жолдасымен бірге Өзбекстанға кетіп бара жатқан келіншек айы-күні жетіп отырған екен. Аталған пойыз Сарышаған – Шу теліміне келген таңғы сағат 6 шамасында оның толғағы басталыпты. Пойыз бастығы Бибігүл Жомартоваға хабар жеткен бойда ол рация арқылы ең жақын станцияға жедел жәрдем шақыртады.

Дәрігерлер келгенге дейін пойыз бригадасы әйелді босандыруға барлық жағдай жасайды. Жолаушылар арасынан дәрігер-гинекологтар мен фельдшерлерді тауып әкеліп, баланың аман-есен дүниеге келуіне септік етеді. Әсіресе еңбек демалысында Тараздағы туыстарына бара жатқан елордалық жедел жәрдем қызметкері Сымбат Мұсаханның көп көмегі тиген.  

«Жолсеріктер радиобайланыс арқылы медицина мамандары керек екенін хабарлады. Мен №23 вагонда едім, ал босанатын әйел №21 вагонда болды. Дереу жетіп келдім. Босандыруға қажет заттың бәрін тауып берген теміржолшыларға рахмет», – дейді Сымбат Мұсахан.  

Ата-анасы аман-есен дүниеге келген ұлына Мұхаммед деп есім берді. Одан әрі ана мен баланы Шу станциясындағы медициналық бригада перзентханаға алып кеткен.

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"