К 30-летию Независимости Казахстана | 29 қыркүйек 09:22

Президент «Жайлы мектеп» жобасын Samruk-Kazyna Construction компаниясына сеніп тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Ақорда сайты.

Жиын ұлттық жобаларды әзірлеуге қатысты мәселелерді талқылаудан басталды. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, жобаның мақсаты – мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешу. Жобаның жүзеге асырылуы 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салуға мүмкіндік береді.

Жаңа қолайлы мектептердің қазіргі салынып жатқан мектептерден концептуалды артықшылығы мынада: құрылыстың бірыңғай стандарты сақталады, пән кабинеттері мен зертханалар толықтай жабдықталады, 1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін дербес блок болады, спорт залдарының саны оқушы санына қарай есептеледі және 1-4 сынып пен 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек орналастырылады, әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар қарастырылады. Осы және өзге де жаңашылдықтар балаларымыздың  дағдылары  мен қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған. 

Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жобаны келесі жылдан бастап жүзеге асыру үшін биыл барлық қажетті нормативтік актілерді қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдады. Осы ретте Президент бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажет екенін айтты.