К 30-летию Независимости Казахстана | 25 қаңтар 14:15

Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы авиациялық құтқару туралы заңға қол қойды

Аталған келісім апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару үшін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының үкіметі мен Қытай Халық Республикасының үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

Аталған келісімнің негізгі міндеттері – апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару үшін өзара ынтымақтастықты нығайту.

Сонымен бірге қабылданған құжатта өзара іс-қимылдың нақты алгоритмі мен іздестіру және құтқару аудандарының шекаралары қарастырылған. Атап айтқанда, авиациялық оқиғалар туралы өзара хабарлау, жолаушыларды іздеу және құтқару жөнінде қажетті шаралар қабылдау, іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, сондай-ақ ақпарат және тәжірибе алмасу.