Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Нұрлан Жақыповтың баяндамасынан: 2021-2024 жылдар аралығындағы орташа жылдық табыс 13 пайызды құраған; компаниялар тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 100 миллиард доллардан асатын 130 жоба бар; биыл 7 ірі инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Олардың қатарына «Достық-Мойынты» учаскесінде екінші теміржол желісі мен Алматы айналма теміржолын салу, Ақтау портының базасында контейнерлік хаб құру сияқты жобалар енеді; былтыр отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында жүргізілген шаралар: – кәсіпкерлермен жалпы құны 1,1 триллион теңге болатын келісімшарттар жасалған; – офтейк-келісімшарттардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 10 есе артқан. Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның тиімділігі мен активтерінің құнын арттыру жұмыстарын жалғастыру маңызды екенін атап өтті. Президент ұлттық экономиканың болашағына тікелей әсер ететін негізгі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы іске асыруға айрықша мән беруді тапсырды.