К 30-летию Независимости Казахстана | 09 тамыз 12:20

"Психологияның маңызын әлі түсінбей келеді". Спорт дәрігері Олимпиада туралы

«Бұл – посткеңестік мемлекеттерге тән кемшілік».

Токио олимпиадасына Қазақстаннан спортшылармен қатар ерікті түрде спорт дәрігерлері де аттанған болатын. Олардың қатарында Назарбаев университетінің ұстазы, спорт дәрігері, реабилитолог, PhD доктор, Еуропа Қазақ дәрігерлері ассоциациясының мүшесі Елтай Рахманов пен Назарбаев университеті медициналық мектептің спорт медицинасы және реабилитология бағдарламасының магистранты Бауыржан Тоқтарбай да бар. Олар Информбюро порталына арнайы сұхбат беріп, қазақстандағы спорт медицинасына қатысты мәселелер мен Токио олимпиадасында коронавирусқа қарсы санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қалай ұйымдастырылғаны туралы әңгімеледі. 

 

Olympic.kz сайтының мәліметінше, Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшыларға медициналық көмек көрсететін 120 маман бар? Бұл жеткілікті ме?

Бұл жеткілікті. Ең бастысы, халықаралық ережелермен тәжірибеге сәйкес қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.

Токио 2020 Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындарын ұйымдастырғанда медициналық қызмет көрсету, коронавирустың таралуын алдын алу шаралары қалай ұйымдастырылған?

Корновирустың таралуының алдын алу шаралары Tokyo 2020 Playbook нұсқаулығында көрсетілген. Жапонияда жүзеге асырылып жатқан шаралар Халықаралық Олимпиада Комитетінің денсаулық пен қауіпсіздік нұсқаулығына, Жапон Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің бас дәрігерлерінің бұйрығына, Жапония үкіметі мен денсаулық сақтау органдарының ережелеріне негізделген. Спортшылар, тренерлер, қызмет көрсетушілер және жергілікті азаматтарды қорғау үшін қатаң сақтық шаралары жүргізіледі. Олимпиада және паралимпиада қатысушылары күнделікті коронавирусты анықтауға ПТР тестілеуден басқа, оларға өзі орналасқан қонақүйден немесе Олимпиадалық ауылдан шығуға тыйым салынады. Сайыс өтетін жерге тек арнайы көлікпен барады. Спортшылар жарыс аяқталғаннан кейін 2 күннен кейін Токиодан шығып кетуі керек. Осылайша, спортшылар мен басқа да аккредиттелген адамдардың жергілікті тұрғындармен араласуын болдырмауға, аурудың таралу қаупін төмендетуге бағытталған көптеген стратегиялық шараларар қолға алынған.

Олимпиада қатысушыларының арасында коронавирусқа жұқтырғандар бар ма?

Тамыздың 3-іне дейін Олимпиада ұйымдастырушылары шараға қатысушылар арасында 294 коронавирус жұқтыру жағдайын мәлімдеген. Коронавирусты жұқтырғандардың басым бөлігі – қызмет көрсетіп жүрген жергілікті азаматтар. 11 мыңнан астам спортшының 25-інде коронавирус анықталған. Осы уақытқа дейін спортшылар мен мүдделі тараптарға жүргізілген 400 мыңнан астам тесттің 0,02%-ы оң нәтиже берген.

Қазақстандағы спорт медицинасының дамуына қандай баға бересіз?

Бұл сұраққа жауап беру үшін спорт медицинасын 4 салаға бөліп сипаттама беру қажет. Біріншіден, спорт-медициналық қызмет көрсету. Спорт-медициналық қызметке қаржылық жағынан қолжетімді, мултидисциплинарлы (спорт кардиологы, спорт ортопеді, спорт реабилитологы және тағы басқа) мамандармен бірлесіп қызмет көрсетеді. Алайда дәйекке негізделген тәжірибені қолданатын мамандар аз, шалғайда орналасқан аймақтардағы атлеттерге маманданған көмек көрсетуде қиындықтар бар. Екіншіден, спорт-медициналық білім беру (маман дайындау). Қазақстанның жоғары оқу орындарында "Спорт медицинасы" мамандығы бойынша резидентура бар. Бұл үлкен жетістік! Өйткені, мамандар 2 жыл көлемінде осы саланың қыр-сырын толық меңгеріп шығады. Медициналық нарықта сұраныс үнемі өзгеріп отыратындықтан, америкалық тәжірибедегідей, әуелі жалпы салада (ішкі аурулар, хирургия немесе кардиология, ортопедия, пульмонология) резидентурадан өтіп, "Спорт медицинасы" саласында Fellowship есебінде қосымша білім алса, мамандарды жұмыспен қамту мәселесі шешіледі деп ойлаймын. Үшіншіден, спорт медицинасы ғылымы. Ғылымды дамытуда жаңа бастамалар көп. Назарбаев университетіндегі "Спорт медицинасы және реабилитология" магистратура мамандығы осы бастамаларды қолдауға, жандандыруға арналған. Магистранттар екі жыл көлемінде халықаралық тәжірибесі бар ұстаздардан дәріс алып, ғылыми жобаларын жүзеге асырады. 2022 жылдың жазында бағдарламаның алғашқы түлектері бітіреді. Ендігі кезек Спорт медицинасы орталықтары, спорт және дене шынықтыру кафедраларымен бірігіп, түлектеріміздің потенциалын толық ашатын қолайлы орта жасау туралы келіссөздер жүргізу. Төртіншіден, спорт медицинасындағы инновация. Қазақстандық спорт медицинасында инновациялық әдістердің тәжірибеге ену қарқыны өте жоғары. Қазақстанда өндірілген инновациялық өнімдер болмағанымен, шет елден келетін тауарларды (денсаулықты, жаттығуды бақылайтын құралдар, биологиялық белсенді заттар және тағы басқа) таңдауда ғылым мен тәжірибеге негізделген сыни көзқараспен сараптауымыз қажет.

Спортшының физикалық дайындығынан гөрі психологиялық дайындығы мықты болуы керек деген пікірге қалай қарайсыз? Спорттағы психологиялық демеу бізде қаншалықты қолға алынған?

Атлеттің дайындығын төрт салаға бөлеміз. Олар: техникалық, тактикалық, физикалық және психологиялық дайындықтар. Бұлар бір-бірінен ажырамайды. Батыстың университетінде оқып жүренде біздің профессорлар посткеңестік елдердегі атлеттер шыққан кездегі психологиялық суреттеріне сипаттама беретін. Ең қарапайымы, қарсыласынан ғана сескеніп, қорыққанын айтпағанда, жарыс барысында тренерінің де дайындап отырған атлетіне психологиялық салмақ түсіреді. Сол себепті, біздің елімізде мультидисциплинарлы заманауи спорт медицинасы тобы болғанымен, оның нұсқаулығын қабылдай алатын бапкерлер мен спорт менеджерлері де болуы керек. Бұл посткеңестік мемлекеттерге тән кемшілік. Себебі, бұл елдерде психологтардың күшінің, олардың көмегінің маңызын әлі күнге дейін түсінбеушілік бар.