Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы тоғыз ауыл мен Қостанай облысының Федоров ауданындағы екі ауыл көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. «QazaqGaz Aimaq» ұйымының Жетісу өндірістік филиалының мамандары Байғазы, Тастыбастау, Алтынемел, Ақбастау, Доланалы, Жаңалық, Жайнақ батыр, Шаған және Тастыөзек ауылдарына газ қосты. Нәтижесінде 1 390 үйдің 6 мыңдай тұрғыны табиғи газға қол жеткізді.
Аудандағы 25 елді мекенде газ тарату желілерінің құрылысы 2024 жылы басталды. Бүгінде Кербұлақ ауданындағы 22 ауыл табиғи газға қосылған. Газбен жабдықтау көзі ретінде өнімділігі сағатына 30 мың текше метр «Сарыөзек» және сағатына 2 мың текше метр «Қазансу» автоматтандырылған газ тарату станциялары қызмет етеді.
Сондай-ақ, Қостанай облысының Федоров ауданындағы Лесное және Березовка ауылдарына тартылған газ жеткізуші құбыр мен газ тарату желілерін салтанатты іске қосу рәсімі өтті. Жоба аясында ұзындығы 40,6 шақырым газ құбыры салынып, шкаф үлгісіндегі төрт газ реттеу нысаны орнатылды.
Нәтижесінде екі елді мекеннің 977 тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. «QazaqGaz Aimaq» АҚ газ тарату инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып, халықты сенімді, қауіпсіз әрі үздіксіз газбен қамтамасыз етуді жалғастырады.