К 30-летию Независимости Казахстана | 21 маусым 08:26

QazaqGaz: жаңа газ стратегиясы және нарық үшін мүмкіндік

Астанада «QazaqGaz» ҰК» АҚ топ-менеджментінің компаниялар тобының қызметкерлерімен Town Hall форматындағы екінші кездесуі өтті. Кездесуге офлайн және онлайн режимде ұлттық компанияның аймақтардағы өндірістік филиалдарының қызметкерлері, QazaqGaz сараптамалық кеңесінің мүшелері, газ саласына еңбек сіңірген қайраткерлер және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Ұлттық компанияның басшысы Санжар Жаркешов QazaqGaz-дың жаңа, 2032 жылға дейінгі даму стратегиясын таныстырды, сондай-ақ Қазақстанның газ әлеуетін іске асырудың негізгі басымдықтарын жария етті.

QazaqGaz стратегиясы дамудың 12 бағытынан тұрады:

Сұранысты оңтайландыру үшін өзгерістерді ынталандыру; Газ саласының дамуын және энергия тиімділігін ынталандыратын әділ тарифтер мен бағалар, сондай-ақ газ нарығын кезең-кезеңімен еркіндікке апаратын құрылымдық өзгерістер; Ресурстық базаның өсуі мен әртараптандырылуын қамтамасыз ету; Газ өңдеудің негізгі жобаларының қуаттарын уақтылы кеңейтуді қамтамасыз ету; Сатып алудың оңтайлы бағасы арқылы елдегі газ балансын қамтамасыз ету; Газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету және елдің экспорттық-транзиттік әлеуетін барынша арттыру; Елді газдандыруға қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету және шығындарды азайту; Газ-химия саласының болашақ жобаларын газбен қамтамасыз ету; Операциялық және инвестициялық қызметті жетілдіру; Газ саласындағы құзыреттерді дамыту және жоғары құзыретті ұйым құру (оның ішінде ҒТО); Цифрландыруды қолдану арқылы ұйымның тиімділігін арттыру; Компанияны сәтті IPO-ға дайындау.

Ұлттық компания басшысының айтуынша, жаңа Даму стратегиясы Қазақстанның газ саласындағы үлкен әлеуетін ашуға көмектеседі. Бүгінгі таңда Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші орында. Сонымен қатар, елімізде көгілдір отынды ішкі тұтыну жыл сайын өсуде - 7 жылдан кейін тауарлық газды тұтыну 2 есеге артуы мүмкін.

 

«Біздің мақсатымыз – нарықты монополиялау емес, инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін мүмкіндіктер жасаудың катализаторы болу. Біз еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайта отырып, саланың инвестициялық тартымдылығын арттырғымыз келеді», - деді Санжар Жаркешов.

 

2022 жылдан бастап Қазақстанда газ саласында бұрын-соңды болмаған реформалар жүзеге асырылуда. Олардың бірі – жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алу бағасының жаңа формуласының енгізілуі. Жаңа формула геологиялық барлау мен газ кен орындарын игеру үшін инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Газды сатып алу бағасының жаңа формуласын енгізу газдың ресурстық базасын едәуір арттыруға көмектеседі деп күтілуде.