"QazaqGaz" ҰК" АҚ еншілес компаниясы – "QazaqGaz Aimaq" АҚ – екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы газға ақы төлегені үшін кэшбэк алу жаңа сервисін ұсынады. Компания өзінің мобильді қосымшасын белсенді түрде дамытуда, онда 700 мыңға жуық қолданушы тіркелген. Қосымша арқылы ай сайын есептегіштердің 300 мыңға жуық көрсеткіші беріледі.
Пайдаланушыға айына бір рет ғана есептегіштің көрсеткішін телефон қосымшасы арқылы фотоға түсіріп, жіберсе жеткілікті. Кейін жасанды интеллект көрсеткішті автоматты түрде танып, оның дұрыстығын тексереді де, төленетін соманы есептеу үшін биллингтік жүйеге жібереді.
«2026 жылды Мемлекет басшысы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанына орай, біз пайдаланушыларға ыңғайлы қызметтерге және басқарудың цифрлық модельдеріне баса назар аударамыз", — деп атап өтті "QazaqGaz Aimaq" АҚ Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Алдияр Шуланов.
Қазіргі уақытта тұрғындар кеңсеге бармай-ақ, газға қосылуға eGov және онлайн-сервистер арқылы техникалық шартқа өтініш беру, «Әлеуметтік әмиян» арқылы атаулы әлеуметтік көмек мен тұрғын үй көмегін алушылар үшін газға жеңілдік, есептеу құралының көрсеткішін жіберу, тұтынылған газға түбірек алу және төлеу қызметтерін онлайн түрде ала алады. Компанияның бұл технологиялық жаңалықтары әр отбасыға көмектесіп, тұрмыс тауқыметін жеңілдетеді.