Астанада корпоративтік басқару саласындағы еліміздің алдыңғы қатарлы сарапшыларын біріктірген Qazaq Independent Directors (QID) қауымдастығының форсайт-сессиясы өтті. Шара аясында корпоративтік басқарудың ұлттық экожүйесін дамыту, директорлар кеңестерінің жұмысын жетілдіру, тәуелсіз директорлардың рөлін күшейту мәселелері талқыланды.
Сессия барысында «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор Дамир Серікбайұлы Суентаев тәуелсіз директорлар арасындағы кәсіби жетістіктерді мойындауға арналған беделді Independent Non-Executive Director Recognition марапатына ие болды. Бұл марапат корпоративтік басқару саласындағы жоғары кәсіби талаптарға сай келетін және компания басқару тәжірибесін үздік халықаралық стандарттарға бағыттап отырған мамандарға табысталады.
Жоғары марапат Дамир Серікбайұлының корпоративтік басқаруды дамытуға қосқан елеулі үлесін, оның ішінде:
компания қызметінде ашықтық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға жетекшілік еткенін; трансформация және тұрақты даму бағыттарында жүйелі шешімдер қабылдауға атсалысқанын; корпоративтік мәдениетті халықаралық тәжірибеге сәйкестендіру бойынша белсенді жұмыс жүргізгенін айқын көрсетеді.«KEGOC» АҚ ұжымы Дамир Серікбайұлын құрметті марапатымен құттықтайды.