5 маусымда өткен референдумда Қазақстан Конституциясына мемлекет азаматтарының қолдап дауыс беруімен қабылданған өзгертулер күшіне енді. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң "Казахстанская правда" басылымында бүгін, 8 маусымда жарияланды.
Дауыс беруге 7 985 769 адам (дауыс беру құқығы бар азаматтардың 68,05%-ы) қатысып, олардың 77,18 пайызы Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдап дауыс берді.
Конституцияға енгізілген өзгерістердің негізгілері:
Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік формасынан мықты парламентке ие президенттік формаға көшеді; президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салынады; жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болады; қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады; Қазақстанда өлім жазасы болмайды; мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптасады; сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады; мажоритарлық жүйе сайлаушылардың қалауы бойынша депутаттың өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік береді.