К 30-летию Независимости Казахстана | 15 қаңтар 09:22

Республикалық форумда ІІІ орын алған атыраулық жастар марапатталды

Астана қаласында «Жастар – теміржол болашағы» атты ХІ республикалық жастар форумы өткені белгілі. Жалпы командааралық сайыста атыраулық жастар жүлделі үшінші орынды иеленіп, жеңіспен оралды.

Жаңа жылдың алғашқы жұмыс аптасында Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Аслан Базарғалиев Атырау өңірінен форумға қатысқан 12 жасты қабылдап, жеңістерімен арнайы құттықтады.

«Қазақстанның барлық өңірінен ең мықты командалар сайланып келген республикалық форумда біздің Атырау жастарының жүлделі ІІІ орынды иеленуі аймақ теміржолшыларының мерейін көтеріп, қуанышқа бөледі. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Жастар ел болашағы деп бекер айтпаймыз. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, толағай табыстарға жетіп, еңбекте алда болыңыздар», – деген бөлімше бастығы жеңімпаздарға Алғыс хат пен бағалы сыйлық тарту етті.  

Команда мүшесінің бірі Артур Әбдіровтің айтуынша, форум барысында әртүрлі сайыстар, дискуссиялар, қойылымдар, викториналар, интеллектуалды ойындар, флешмоб, тренингтер өткен. Атырау командасы отандық «Келінжан» фильмін темір жол өмірімен байланыстырып қойылым қойған. Нәтижесінде ол көпшіліктің көңілінен шығып, жоғары баға алған. Атыраулықтар жалпыкомандалық сайыста үшінші дәрежелі дипломды иеленген.  

«Біз үшін бұл үлкен серпін болды. Барлық өңірден 250-ден астам жастар қатысты. Таныстық, өзара тәжірибе алмасу бір-бірімізді біріктіре, жақындастыра түсті. Осындай форумның өтуі жастарға шынымен де зор күш беріп, қанаттандыра түсетіні айқын», – деді Артур.  

Қосұйым Мұқашев

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"