Тапсырмаларды тиянақты орындап, Түркістанға аттанғандар арасында «Қаражанбасмұнай» АҚ еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер Нұрлан Кушкумбаев та бар. Ол салауатты өмір салтын сақтай отырып, челлендждің әр кезеңінде берілген тапсырмаларды ережеге сай орындаған. Белсенді де жауапты жас маман еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үзеңгілестерімен кездесіп, жаңа достар тапқанына дән риза.
«Қазақстанның әр аймағынан жиналған жастар арасында ҚБМ атынан қатысуым мен үшін зор мәртебе. Мұндай мекенге келіп, үздіктер қатарынан көріну үшін челлендж тапсырмаларын мұқият орындадым. Соның арқасында жалынды жастармен пікір алмасып, мәдени ортадан рухани азығымды толықтырдым», – деді Нұрлан Кушкумбаев.
Жастар форумының негізгі идеясы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Этно ауылға жиналған челлендж үздіктері бірліктің нышаны ретінде киіз үй тігіп, ұлттық тағамдар дайындады. Олар екі күн бойы түрлі топтық сайыстар мен тұлғалық даму бойынша шеберлік сабақтарына қатысады. Осылайша мақсаты мен мүддесі бір жастар әріптестік қарым-қатынастарын нығайтып, пікір алмасып, өз көзқарастарын ортаға салды.