Медициналық тур аясында станция тұрғындары жоғары білікті медициналық көмекке жүгіне алады. Ертіс зауыты станциясына медициналық пойыз таңғы сағат 07:47-де келді. Ол екі күннен кейін 27 мамырда сағат 05:40-та келесі бекетке кетеді.
Медициналық пойыз маршруты медициналық кабинеті жоқ аймақтарды қамтиды. Яғни, биыл шалғайдағы станциялардың тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр сынды білікті мамандарда тегін тексеруден өтіп, емделуге мүмкіндік алды. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, Интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.
Бұған дейін медициналық пойыз Жетісу облысында болған еді. Дәрігерлер Көксу, Қалпе, Лепсі, Ақтоғай, Бескөл станцияларының тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетті. Жетісу облысы бойынша Медициналық тур Достық станциясымен аяқталды.
Айта кетейік, 26 сәуірде Алматы-2 станциясынан басталған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 6 желтоқсанға дейін жүреді.
«Медициналық пойыз» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен бірге жүзеге асырады.
Медициналық пойыздың қазіргі қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттер жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жасалған.