К 30-летию Независимости Казахстана | 13 қазан 08:29

«Саламатты Қазақстан» пойызы Ақтөбе облысының Шалқар станциясына келді

Медициналық пойыз тоғыз жолдың торабы Шалқар станциясында келді.    Ірі станцияда бірнеше күн аялдап, төңіректегі елдімекендерге қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.  

Осыған дейін «Жәрдем» пойызы Ақтөбенің бес бірдей станциясында болды. Аймақта 17 қыркүйектен бастап жүр. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының қызметіне Шалқар ауданының Бершүгір ауылының халқы дән риза.   Бұл жерде арнайы мамандар ауыл тұрғындарына екі күн бойы дәрігерлік көмек берді. Мамандар медициналық, медиациялық, құқықтық кеңес, түрлі көмек ала алмай жүрген адамдардың мұң-мұқтажын тыңдап, ем-дом жасады, тегін консультациялық кеңес берді.

Биыл ауыл халқы терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр секілді білікті мамандардың қабылдауында болып, қажет кезде шағын ота да жасата алады. Тіс емдеу, жұлу да тегін. Пойыз ішіндегі аппараттың бәрі заманауи талапқа сай. Онда УЗД, флюрография аппараты, зертхана бар. Сонымен бірге интернетке қосулы.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы – әлеуметтік жоба. Іске асыруда «Samruk-Kazyna» АҚ-ның «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демогрфиялық саясат ұлттық комиссиясы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Әлеуметтік жобалар қоры» қорымен бірлесе көп жұмыс атқарылды. «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасының негізгі ақпараттық серіктесі – ҚР Президенті Телерадиокешені.  

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демогрфиялық саясат ұлттық комиссиясының қолдауымен биыл алғаш рет әлеуметтік қолдау, зейнетақы тағайындау, әлеуметтік төлем, атаулы әлеуметтік көмек жөнінде кеңес алуға мүмкіндік жасалды. Сонымен бірге шалғай ауыл тұрғындары медиация және заңгерлік кеңес ала алады.  

Айта кетейік, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бұған дейін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бағытын бекітіп, пойыз 26 сәуір күні Алматы-2 теміржол вокзалынан шыққан еді. Жұмысын 6 желтоқсанға дейін жалғастырады. Бұл жолы да медициналық пункті жоқ, шалғай ауылдарға басымдық берілді.

Ардақ Ерубаева