Қалдыбай Балғабаев 1960 жылы 5 шілдеде Маңғыстау облысы Ақшұқыр селосында туған. Сол ауылда орта білім алып, кейіннен Орынбор қаласында екі жыл Отан алдындағы борышын өтеді. Әскерден соң елге оралып, ауылшаруашылығы саласында жүргізуші болып еңбекке араласты.
Қалдыбай ағаның ата-анасы да ауылшаруашылығына өмірін арнаған жандар. Әкесі бұл күнде дүние салған, шешесі 92 жасқа келіп, қара шаңырақтың көзіндей болып отыр.
Ауыл шаруашылығындағы еңбек жолын Қалдыбай аға 1984 жылы Түпқараған ауданы Қызылөзен селосында жалғастырды. Осы өлкеде 22 жыл табан аудармай жұмыс істеп, 2006 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өрт сөндірушілер тобының жүргізушісі болып орналасады.
Әрқилы себеппен 2015 жылы мекемелер бөлінген тұста мамыр айынан бастап үлкен ұжым мұнай және газ өндіру цехына қарасты алдын-ала су айыру қондырғысында абыройлы қызметін жалғастырып келеді.
«Әр мамандық иесі өз жұмысын шынайы ынта-ықыласпен істеуі керек деп ойлаймын. Сонда ғана өндіріс өнімді, еңбек нәтижелі болады. Өз кәсібім өзіне ұнайды. Жұмыстың жай-күйі қазір мүлде өзгерген. Үлкен-үлкен қондырғылар, құрал-жабдықтар бар. Бұл жұмыстың орындалу сапасына айтарлықтай әсер етеді. Жұмыс алдында жоспарлы жиын өтіп, қай жерде қандай кемшілік бар, нені жөндеу керек, сол мәселелердің бәрі пысықталады. Ұжымымызда 42 адам екі ауысымда үздіксіз еңбек етеді. Бәрі де өз ісінің шеберлері. Ең бастысы ауызбірлікпен, ұйымшылдықпен жұмыстарын атқарып келеді», – деп еңбек ұжымының еселі істерін баяндады.
Жұбайы Гүлжан Аяғановамен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иесі. Адалдықты ту етіп, ала жіпті аттамай еңбек етуді өмірлік ұстаным еткен әке ұл-қыздарының бойына осы қасиетті құйып келеді. Бүгінде үлкен ұлы көлік жүргізсе, кішісі ішкі істер саласында қызмет істейді. Ал қызы білім жолында елеулі жетістікке жетіп жүр.
Ұлын ұяға, қызды қияға қондырған оның осы балаларынан сегіз немере, екі жиен сүйіп отырған жайы бар. Өмірін өндіріспен өрген Қалдыбай аға ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп, келесі жылы Алла амандық берсе зейнетке шығады.