Бүгінде Қазақстанда, әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтанда электр самокат тізгіндегендер көп. Жеңіл, экологиялық таза әрі денсаулыққа да пайдалы бұл көлік түрінің қолданыс аясы енді кеңейе беретіні анық. Алайда, самокаттың қатысуымен болған жол апаттарының саны да артып келе жатқаны алаңдатады. Электр самокатын тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі қажет еместігіне байланысты олардың жол ережесін білуі туралы емтихан да алынбайды. Одан қалды, электр самокатына қатысты жол ережелері де ел заңнамаларында нақты айқындалмаған. Ендеше, электр самокатының иелері жолда қауіпсіз жүруі үшін не білуі керек? Бүгін осы тақырыпты таратып әңгімелейміз.
Мопед – бұл жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын электр қозғалтқышы бар екі немесе үш дөңгелекті көлік. Оған велосипед, скутер және ұқсас сипаттамалары бар басқа да көліктер жатады. Міне, электр самокаты осы мопедке теңестірілген. Тиісінше, самокатқа қатысты Жол қозғалысының ережелерін қараған кезде мопедтерге арналған баптарға сүйенуге болады.
Жүргізуші куәлігі талап етілмейді
Дегенмен, жасқа және жол ережесін білуге қатысты талаптар бар. Электр самокатын мінгендер жол қозғалысы ережелерін білуі және оны бұзбауы тиіс. Сондай-ақ, электр самокатты он алты жастан асқандар жүргізе алады.
Мопедтердің қозғалысына заңда қосымша талаптар белігіленген. Мопедтер велосипед жолымен жүреді. Жолдың оң жақ шетінде және маршруттық көлік құралдарына арналған жол бойымен бір қатарда қозғалуы тиіс. Ал жоғарыда айтқанымыздай, мопед жүргізушілеріне қатысты талаптар мен ережелердің барлығы электрлі самокат тізгіндегендерге де қатысты. Бұл және біз бұдан әрі әңгімелейтін талаптар Жол қозғалысының ережелерінің 24-бабында (Велосипедтердiң, мопедтердiң, көлiк арбалардың қозғалысына, сондай-ақ мал айдауға қойылатын қосымша талаптар) жазылған.
Велосипедшілермен салыстырғанда, электрлі самокаттың жүргізушілеріне жаяу жүргіншілерге арналған жолдармен, жол шетімен және тротуармен қозғалуға тыйым салынған. Бұл ережені елемегендер 15 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Ал өзге шектеулер велосипедшілерге салынатын тыйымдармен бірдей.
Есте ұстаңыз! Күңгірт түсті киім киген самокатшылар жолда жиі байқалмай қалады. Бұл олардың өздері үшін де, автокөлік жүргізушілері үшін де аса қауіпті. Жолға шығар кезде ашық түсті киім таңдап, жарыққа шағылысатын кеудеше киген дұрыс. Сонымен қатар басқа шлем киіп, көрініске кедергі келтіретін ештеңе тақпаған абзал.
Самокатпен сапарды сақтандырған абзал
2021 жылдың мамыр айында сақтандырылған самокат сапарының саны күн сайын өсіп отырған. Оған себеп – самокатты жалға беретін сервитсің жұмыс істей бастауы. Мамырда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары электр самокатын жалға беруге арналған сервис арқылы 140 мыңнан астам сапарды сақтандырды. Бұл туралы сақтандыруды ұсынған компаниясы хабарлады.
"Бір айдың ішінде сақтандырылған сапар саны күн сайын 5%-ға артып отырды. Жалпы алғанда, мамырда күніне біз орта есеппен 4 500-ден астам сапарды сақтандырдық", – дейді сақтандыру компаниясының өкілі.
Қаржы ұйымының айтуынша, мұндай сақтандыру полисі ерікті түрді рәсімделеді және екі секциядан тұрады:
үшінші тарап алдындағы жауапкершілікті сақтандыру. Самокатпен сапар кезінде клиент басқа адамның мүлігіне зиян келтірсе, мысалы, көлігін сырып кетсе, сақтандыру компаниясы зардап шеккен тарапқа 150 мың теңгеге дейін өтемақы төлейді; клиенттің өзін жазатайым оқиғадан сақтандыру. Мұнда өтемақы сомасы 850 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Клиент еңбекке жарамдылығынан толықтай немесе жарым-жартылай айырылса, төлем жасалады.Екі секцияны қосқанда полис бойынша жалпы сақтандыру лимиті – 1 млн теңге.
Автобуста самокатты алып жүруге бола ма?
2020 жылы күзде Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі самокат пен велосипедтерді автобуспен тасымалдауға тыйым салатын норма енгізу бастамасын көтерген. Бұл қажеттілікті министрлік өкілдері келесідей себептермен түсіндірген:
"Автобуста электр самокаттары мен велосипедтерді тасымалдау (күрт тежеу, бұрылу немесе жол-көлік оқиғасы кезінде) жолаушылардың денсаулығына зиян келтіруі және жолаушыларға қолайсыздық туғызуы (киімді былғауға болады) мүмкін".
Алайда көпшілік бұл нормаға қарсы шығып, министрлік ұсынған ережені пайдаланушылар мен қоғам белсенділері сынға алған еді. Көп ұзамай, норма алынып тасталып, министрлік велосипедтер мен скутерлерді қалалық автобустармен тасымалдау мәселелері жобадан алынып тасталатынын хабарлады. Сәйкесінше, қазіргі таңда автобуста самокатты тасымалдауға қатысты ешқандай шектеу жоқ.
Самокат ұрлағандар сотталады
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері электр самокатын ұрлау бойынша 2 қылмыстық іс тіркелген. Айыптылар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Департамент өкілдері бұл жағдайды самокаттарды мемлекеттік тіркеу арқылы өзгертуге болатынын айтады. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің мамандары бұған қатысты жоба әзірлеуде.
Самокатты қалай таңдау керек?
Құралды қандай мақсатта пайдаланатыныңызды анықтап алыңыз. Мәселен, сізге қажетті сипаттамалар мен техникалық функционалдығын дұрыс таңдау үшін оны қандай мақсаттарда пайдаланатындығыңызды шешіңіз: қозғалыс үшін негізгі көлік ретінде, спорттық құрал ретінде немесе жақсы серуендеу үшін бе?
Самокаттың түрлері:
Қалалық самокат. Мобильділік және оңай басқарылуы арқасында үлкен қала тұрғындары үшін ыңғайлы классикалық нұсқа. Трюкті самокат. Экстремалды демалысты бағалайтындарға арналған, өйткені ол әртүрлі маневрлер, секірулер мен трюктер жасауға мүмкіндік береді. Үлкен дөңгелекті самокат. Ол тек қала жолдарында ғана емес, сонымен қатар жолсыз жерлерде жол жүру үшін өте қолайлы.Самокат бөлшектері:
Дека. Бұл – адамның тікелей мініп тұратын скутердің негізі. Мұнда оның ені мен ұзындығын ескеріңіз. Егер сіз әртүрлі трюктер мен бұрылыстар жасауды жоспарласаңыз, онда тар және қысқа негізі бар самокатты сатып алған дұрыс. Кең дека жайлылықты жақсы көретіндер үшін, немесе, аяқ өлшемі үлкендер үшін ыңғайлы болады. Дөңгелектер. Өлшемі мен жасалу материалын ескере отырып таңдаған жөн. Самокаттың классикалық моделінде дөңгелектің диаметрі орта есеппен 180-200 мм құрайды. Бұл орташа жылдамдықты сақтаудың, сондай-ақ, асфальттағы жарықтар сияқты жолдағы кішігірім кедергілерден өту үшін ең оңтайлы параметр. Дөңгелектердің материалына келетін болсақ, онда үрлемелі, полиуретан және резеңке түрлері бар. Полиуретанды дөңгелектер ең көп тараған, жиі кездеседі. Руль. Биіктігін реттеген кезде, қауіпсіз және жайлы қозғалыс үшін руль сіздің беліңізден сәл жоғары тұратындығына көз жеткізіңіз. Тым жоғары руль сізге көлікті еркін басқаруға мүмкіндік бермейтінін ұмытпаңыз. Қосымша функциялар мен техникалық жабдықтар. Самокат таңдаған кезде қосымша функциялары бар ма сұраңыз: Мысалы: жарықтандыру, жиналмалы аяқтар, рульдің биіктігін реттеу, жиналмалы механизм, амортизаторлар және тағы басқа.