Компания барлық 20 аймақта консорциумдар құру қажет деп санайды, әйтпесе мектептерді жиһазбен жабдықтау бойынша тапсырыстардың көп бөлігін бірнеше ірі өндіруші алып қойып, көптеген шағын цехтар мен фабрикалар ұлттық жобадан тыс қалады.
Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен болған кездесуде айтты.
«Біз «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастыққа әр аймақ бойынша жиһаз өндірушілердің консорциумын құруды ұсынамыз. Оған барлық жергілікті кәсіпорындар кіреді. Олар бір консорциум құрамында жайлы мектептердің мердігерлерімен шарттар жасасады. Осылайша біз әділдікке қол жеткіземіз, өйткені тапсырыстар ірі және шағын отандық өндірушілер арасында біркелкі бөлінеді», – деп түсіндірді Малғаздаров.
Оның айтуынша, егер бір кәсіпорын парталарды, екіншісі шкафтарды, ал үшіншісі орындықтарды өндіруді қолға алса, онда барлық жергілікті компаниялар тапсырыстармен жүктеледі.
«Егер осы тәсілді пайдаланбасақ, отандық кәсіпорындардың үлкен тізімі бола тұра, ұлттық жобаға олардың небәрі 10% тартылады, ал қалған 90% шағымданып, бізді ірі жиһаз компанияларына лобби жасады деп айыптайды. Біз ұлттық жобаны іске асыруға барынша көп қазақстандық өндірушілерді тартқымыз келеді. Бізге 20 дайын консорциум берілсе, біз оларды мердігерлерімізге қуана ұсынамыз. Олар нақты өндірушімен емес, бірнеше өндірушіден құралған бүтін консорциуммен шарт жасасады», – деп түйіндеді Samruk-Kazyna Construction төрағасының бірінші орынбасары.
Бұл бастаманы ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев толықтай қолдады. Ол бұл тәсілді ең әділ әрі тиімді деп санайды.