"Е-Qurylys" жүйесінде барлық процестер мен құжаттарды, оның ішінде тапсырыс берушінің, мердігерлердің және техникалық қадағалаудың есептерін, атқарушылық құжаттаманы және жұмыстарды фотофиксациялауды бір ақпараттық платформада біріктіріп, электрондық форматта жүргізуге болады. Бұл қағаз құжат айналымынан толық бас тартуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, аталмыш жүйе салаға сіңген "бейресми қарым-қатынастарды” болдырмай, құрылыс барысының ашықтығын қамтамасыз етеді.
"Қағазбастылық пен бюрократияны түгелдей алып тастау үшін жүйені ұдайы жетілдіріп отыру қажет. Мұнда сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Құрылыс саласында біз алғашқылардың бірі болып "Е-Qurylys" жүйесін ендіргелі жатырмыз", – деп атап өтті Мәулен Айманбетов.
Барлық үрдістер цифрлық форматқа көшірілгендіктен, жобадан ауытқуға, сондай-ақ атқарылмаған жұмысты қабылдауға жол берілмейді. Жүйеде толтырылған журналдар мен тіркелген іс-әрекеттер негізінде тиісті актілер автоматты түрде жасалып отырады.
Осы ақпараттық жүйені әзірлеуші компания өкілдерімен өткен жиында Басқарма төрағасы "Е-Qurylys" жүйесін ендіру және оны Samruk-Kazyna Construction-ның электронды кросс-платформасымен интеграциялау бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды:
наурыз айының соңына дейін ақпараттық жүйені толықтай ендіріп, платформада жұмыс істей бастау керек; бір апта ішінде ZOOM платформасы арқылы Samruk-Kazyna Construction өңірлік өкілдері, орталық аппарат қызметкерлері, мердігерлік ұйымдар, авторлық және техникалық қадағалау сарапшылары, сондай-ақ мектеп салу процесіне тартылған басқа да мамандар үшін оқыту семинарларын өткізу қажет; "Е-Qurylys" жүйесін электрондық кросс-платформамен интеграциялауды қамтамасыз ету керек; актілерге және басқа да атқарушылық құжаттамаға қол қоюды қасақана кешіктірмес үшін ақпараттық жүйеде авторлық және техникалық қадағалау сарапшылары үшін "таймер" орнатуды қарастыру.Сондай-ақ, "Е-Qurylys" ақпараттық жүйесінде толтырылатын электрондық құжаттарды заңды түрде қағаз құжаттарға теңестірілуі үшін тиісті нормативтік актілерге өзгерістер енгізу қажет. Бұл бюрократияны азайтып қана қоймайды, сонымен қатар фискалдық және қадағалау органдарына тиісті құжаттардың қағаз нұсқасын сұратпай-ақ жүйенің ішінде тексерістер жүргізуге мүмкіндік береді.