«Samruk-Kazyna Construction» АҚ «Лашын Фактори» ЖШС-мен зауыт құрылысына инвестиция құю бойынша келісімшартқа қол қойды.
Өндіріс ошағы 2024 жылдың көктемінде іске қосылмақ. Зауыт жылына 35 мұнара кранын, 20 қасбеттік көтергіш шығаруды жоспарлап отыр.
Отандық нарықта мұнаралы крандарға деген сұраныс жоғары. Бүгінде қазақстандық құрылыс компанияларының қажеттіліктері толықтай импорт есебінен өтеліп отыр. Соңғы 5 жылда Қазақстанға жыл сайын 186 дана мұнаралы кран жеткізілген. Оның басым бөлігі, яғни 63% Қытайға, 33,7% Ресей Федерациясына тиесілі.
Жаңа зауыттың өнімі жергілікті нарық сұранысының 19% қанағаттандыратын болады. Импорттық техниканың құны 180 мың АҚШ долларынан басталса, отандық тауар қытайлықтан 30%, ресейлік баламасынан 50 пайызға төмен болмақ.
«Лашын Фактори» компаниясының тағы бір басымдығы – кәсіпорын мұнаралы крандарды тапсырыс берушінің талаптарына сәйкестендіріп бейімдей алады. Қуантарлығы сол – Қазақстанда мұнаралы крандарға қызмет көрсету орталығы пайда болады.
Тың жобаның құны 1,39 млрд. теңгені құрайды, оның 697 млн. теңгесі (50%) «Samruk-Kazyna Construction» АҚ инвестицияламақ. Жаңа өндіріс ошағы импортқа тәуелділік деңгейін төмендетуге септесетін болады.
Болашақ өндіріс ошағы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналаспақ. Зауыт құрылысына 50 адам тартылады, ал цех іске қосылғаннан кейін 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.