Қайырымдылыққа бағытталған қаражат көлемі артады
2022 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы қайырымдылыққа жұмсалатын бюджетті 40%-ға, яғни 10 млрд теңгеге дейін арттырып, балалар мен Қазақстан аймақтарын қолдауға баса назар аударды. Бір жылда барлығы 43 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, 500 мыңға жуық қазақстандық көмек алды.
Есте қалған бастамалардың қатарында: өңірлердегі 80 000 азаматқа көмек көрсеткен медицина пойыздары; республикамыздың 15 қаласында тұратын ерекше балаларға бейімделген спортпен айналысуға мүмкіндік берген «Саламатты болашақ»; Шымкент, Қарағанды, Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларындағы перзентханаларды нәресте реанимациясына арналған гипотермиялық құрылғылармен қамтамасыз ету.
Шарада сөз алған «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Қор қайырымдылыққа жұмсалатын қаржыны одан әрі арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Жақын арада «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының 7 пайызын «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына аудара бастайды. Алдын ала болжам бойынша, бұл шамамен 130 миллиард теңгені құрайды. Осылайша, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылыққа жұмсайтын шығыны 13 есеге артады.
Қайырымдылық үйымдарының жоспары көп
Есеп беру кездесуінің алдында панельдік сессия өтіп, онда Қазақстанның қайырымдылықпен айналысатын ірі ҮЕҰ өкілдері сөз сөйледі. Олар облыстық және республикалық деңгейде жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісіп, қайырымдылық саласындағы кейінгі жаңалықтарды талқылап, 2022 жылы атқарылған ең есте қалатын жобалар мен игі істерге қаржылай қолдау табу жолдары туралы талқылады.
Жиынға қатысушылар «Самұрық-Қазынаға» көрсеткен көмегі үшін алғысын білдіріп, болашаққа үлкен жоспары бар екенін хабарлады. Еншілес компаниялардың өкілдері алдағы уақытта да азаматтардың игілігі үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Жиын соңында Қазақстан өңірлерінен және Астанадан 2022 жылы көмек алған 30-ға жуық балалар өнер көрсетті. Олардың арасында «Қамқорлық» мен «Замандас» бағдарламасына қатысушылар да бар.